Қазақстандық қос компания ЕуроОдақтың Ресейге қарсы кезекті санкциясына ілікті

Қазақстандық екі компания ЕуроОдақтың Ресейге қарсы салған кезекті санкциясына іліккен. Олар: MetallStan LLP және Kazstanex. Бұл компанияларды ЕО «Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдап жүр» деп айыптап отыр.
ЕО-ның кезекті санкция тізіміне станок сатумен айналысатын Kazstanex ЖШС және станоктарды жөндеу және техникалық қызмет көрсететін MetallStan LLP енген.
«Бұл жеке немесе заңды тұлғалар, ұйымдар немесе органдар Ресейдің әскери және технологиялық дамуына немесе Ресейдің қорғаныс және қауіпсіздік саласын дамытуға ықпал етеді. Оларға Ресейден басқа үшінші елдердегі жеке немесе заңды тұлғалар, ұйымдар немесе органдар кіреді», — деп жазылған құжатта.
ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-санкциялар пакетін қабылдады.ЕО 48 жеке тұлға мен 35 ұйымды санкция тізіміне енгізді. Бұл адамдар мен компанияларға «Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігіне және тәуелсіздігіне қауіп төндірді» деп айып тағылған.
Kazstanex компаниясы 2024 жылдың қазанында АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына іліккен еді. Ол кезде де компанияға шетел зауыттарынан Ресейге қондырғы жеткізеді деген айып тағылған.
Egov.kz мәліметі бойынша компания 2014 жылы тіркелген. Оның негізін қалаушы және бірінші директоры – Василий Абрамов.
Қазақстан 2024 жылы қаңтар мен қазан айына дейінгі аралықта Ресейге 84 592,3 тонна көлік, ұшатын аппараттар, жүзу құралдары және көлікке қатысты құрал-жабдық тауарын жөнелткен. Олардың жалпы құны 290 млн 641, 7 мың АҚШ долларын құрайды.