Мектеп чаттарында тараған ЛГБТ ұйымының үгіт-насихатына байланысты министрлік полицияға жүгінді

Желіде мектеп чаттарында тараған феминистік ұйым ұйымдастырған шараға шақыруға байланысты алаңдаушылық күшейді. Бұл жағдайға қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасап, полицияға жүгінгенін хабарлады.
Министрлік қауіптің алдын алуға кірісті
Министрлік ата-аналар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Мессенджерлерде балалардың психикасына кері әсерін тигізуі мүмкін ақпараттың таралуының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ішкі істер министрлігіне (ІІМ), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (АҚДМ) және жергілікті атқарушы органдарға (акиматтарға) арнайы хат жолдаған.
«Мектептерде оқушылардың психоэмоционалдық жағдайына әсер етуі мүмкін кез келген іс-шараларға қатаң тыйым салынған. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт (МЖМБС) пен ұлттық құндылықтарға сәйкес жүргізіледі», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Ата-аналарға ескерту жасалды
Министрлік ата-аналарды балалардың интернеттегі белсенділігін мұқият бақылауға шақырды. Балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың қандай топтарға мүше екенін, қандай ақпарат тұтынып жатқанын қадағалап отырудың маңыздылығын ескертті.