Үкімет резервтен 116 млрд теңгеден астам қаржы алды. Ол қайда жұмсалады?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Үкімет резервінен бөлінген 116 млрд теңге қайда жұмсалады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет елдегі  шаруаларды қолдау үшін резевтен 116 млрд 772 млн қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. 

Бұл қаржы биылғы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын сапалы жүргізуге жұмсалады. Бұған қоса, отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған.

Үкіметтің жоспарында отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу да бар.

«Бұл қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы іске асырылады. Сонымен қатар отандық өндірістегі және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссия мөлшерін төмендетуге бағытталады», – делінген Үкімет хабарламасында.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы бөлу туралы тапсырма берген болатын.

Бұған дейін Үкімет шаруаларға көктемгі егіс жұмыстары үшін 400 мың тонна дизель отынын бөлген еді. Отын нарықтық бағадан арзандау беріледі. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев отын жеткізу 1 ақпаннан басталып 30 маусымда аяқталатынын айтқан болатын. Дизель отынының бағасы екі жылдан бері өзгермей, 228 теңге болып келген, ал ҚҚС-ты есептегенде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 250 теңгеге дейін жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз