«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы кеншілердің өліміне кінәлілер төрт жылға сотталды

Шахтинск соты «Казахстанская» шахтасындағы өрттен қаза тапқан бес кеншінің өліміне қатысты үкім оқыды. Кен орнында өрт шығуына кінәлі деген төрт айыпталушы төрт жылға бас бостандығынан айырылды деп жазады ҚазТАГ.
«Төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін, жазасын қауіпсіздігі минималды колонияда өтеу белгіленсін, сондай-ақ үш жыл мерзімге тау-кен өндіру саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылсын. Олардың барлық айыптау тармақтары бойынша кінәсі дәлелденді: бар болған заңбұзушылықтарға қарамастан, жұмысты тоқтатпағаны, орташа жанғыштық деңгейдегі лентаны орнатқаны, сондай-ақ сотта жөндеу ауысымына тазалау және кен қабатын қопсытуға наряд берілмегені анықталды», – деді сот Данияр Әлменов.
Сот айыпталушыларды «тау-кен және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, салдарынан екі және одан да көп адамның өліміне әкелгені үшін» кінәлі деп тапты. Төртеуі де сот залында қамауға алынды.
Бірақ марқұмдардың отбасыларының моральдық төлем туралы талабы қанағаттандырылмады. Жәбірленушілер сот алдына шахта мен компанияның жоғары басшылығы да келуі керек деген еді. Қайғылы жағдай болған кезде шахта үндістандық миллиардер Лакшми Митталдың «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі болған.
Айыпталғандар қатарында апат болған уақытта «Казахстанская» шахтасындағы өндіріс директоры орынбасарының міндетін атқарушы (бұл қызметте бір айдан аз отырған), конвейерлік транспорт участігінің басшысы, оның орынбасары (бұл қызметте бір жылдан аз жұмыс істеді) және участок механигінің орынбасары міндетін уақытша атқарушы (жарты айдан аз) маман бар.
Тергеу ісі бір жылға уақыт жүрді. Сот 2024 жылдың маусымында басталды. Бірақ судья өзгеріп, процесс қайта басынан бастап өтті.
«Казахстанская» шахтасындағы апат 2023 жылдың 17 тамызында болды. Шахтадағы өрт салдарынан 26 жастағы Илья Старовойт, 29 жастағы Артур Халықов, 45 жастағы Денис Стешин, 56 жастағы Виктор Бургун және 58 жастағы Виталий Слюньков өмірден озды. Тағы да 17 жұмысшы түрлі жарақаттар алды.
Сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өртке ең алдымен кәсіпорын иесі кінәлі деген еді.