Мұсылман футбол жұлдыздары оразаны қалай ұстайды

Жарияланды 25 Ақпан 2025 15:24

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Зерттеулер ауыз бекітудің футболистердің нәтижесіне әсер ететінін дәлелдеп отыр /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мұсылман футбол жұлдыздары да ораза ұстайды. Өйткені ислам дінінің бес діңгегінің бірі – ауыз бекіту.

Десе де, клубтар арасындағы қатаң бәсекелестік жылдамдықты, қара күшті және әбжілдікті талап етеді. Ас-судан тыйылу футболшы үшін дүбірлі жарыстарда біршама қиындық тудыратыны анық. Клуб, тренерлер, әріптестері ойынға әсері тимес үшін мұсылман футболшыға уақытша ораза ұстауды үзе тұруын талап етуі мүмкін. Талап етіп те жатыр.  

Сонымен, мұсылман футбол жұлдыздары бұған қарсы қандай амал тауып жатыр?

Футболшылар матч кезінде ауыз бекіте ме?

Еуропада ойнап жүрген футболистер бес парызын орындап, жан берісіп, жан алатын матчтарда әлсіреп қалмасы үшін түрлі тәсілдерге жүгінеді екен.

Мәселен, Сток Сити де ойнаған Мали елінің тумасы Мамади Сибиде матч өтетін күні оразасын бұзып, кейін қарызын өтеп жүрді.

2010 жылы Германия мұсылмандарының орталық кеңесі кәсіби футболистерге маңызды матч күні ауыз бекітпеуге рұқсат берді. Алайда ораза айынан кейін қарызын өтеу – міндет. Кейбір мұсылман футбол жұлдыздары осы жеңілдікті пайдаланып жүр.

Атап айтқанда, Мидо деген атпен танымал Ахмед Хоссам да кеңестің кеңесін ұстанып жүр. Месут Өзил де маңызды матчтарда ашқұрсақ ойнауды құп көрмеген. Аяқ допшы бабында болуы үшін тамақ пен судан тарықпағаны абзал деп біледі.

Десе де, оразасын қаза қылмауды жөн көретін футболшылардың қарасы басым.

Арсенал ойыншысы Абу Диаби клубтың уақытша бас тарту туралы кеңесінен қарамастан, ауыз бекітіп жүргенін айтқан болатын. Тотенхэмнің бұрынғы ойыншысы Фредерик Кануте ораза ұстап, алаңға шығуды жөн көреді.

Амр Заки болса, ауыз бекітсе, бұрынғысынан жақсырақ ойнайтынын алға тартқан.  

Криштиану Роналдудің әрекеті

Командаластарының қолдауы да – мұсылмандардың оразасын бұзбауына үлкен көмек. Мәселен, Криштиану Роналдудың әріптесі Карим Бенземаға маңызды матч алдында қолдау көрсеткені мұсылман әлемін қатты сүйсіндірді.

«2018 жылы өткен Чемпиондар лигасының финалы әлі есімде. Ол қасиетті Рамазан айында өткен еді. Мен қонақүй бөлмесінде отырып ойландым. Бұл – Ливерпулге қарсы өте маңызды ойын еді. Мен оған 100 пайыз дайын болуым керек. Сондықтан аузымды бекітпеуді ұйғардым. Бір кезде біреу келіп, есігімді қақты. Ашып қарасам, келген – Криштиану екен. Қолында бір тәрелке тамағы мен суы бар.

«Бауырым, мынау – сенің сәресің! Оразаңды бұзба. Алдағы матчты өз міндетіме алайын. Ал, сен, оразаңды ал», – деді.

Осыдан кейін менің оған деген құрметім одан да артта түсті», – деді Бензама даңқты әріптесінің ісіне разы болып.

Әлемге танымал он мұсылман футболшы

Сарапшылардың кейбірі Мұхамед Салахты әлемдегі ең үздік үш ойыншының қатарына жатқызып жүр. Ол Ливерпульдің тарихи тізіміне енді.

Салах гол соққан сайын алаңда Жаратушыға шүкіршілігін білдіріп тағзым етеді. Мұхамед Салахтың ойыны әлемдегі барша адамдарды қызықтырып отырғаны анық. Ливерпуль фанаттары Мо Салахқа арнап «Сен мұсылман болсаң, мен де сенің дініңді қабылдаймын» деп ән шырқаған.

Нголо Канте – Сауд Арабиялық «Аль-Иттихад» командасының ойыншысы, Франция азаматы. Бес уақыт намазын қаза қылмайды. Араб тілін үйреніп жүр. Ұдайы қайырымдылықпен айналысады.

Францияның мұсылман футбол жұлдыздары көп. Солардың бірі –  атақты Зинедин Зидан. Одан бөлек, Эр-Рияд Марез бен Поль Погба. Сенегалдық Садио Мане «мұсылман болу маған жақсырақ болуға көмектеседі» деп айтқан. Сонымен қатар тегі араб француз футболшысы Кәрім Бензема, Германия құрамасының тегі түрік ойыншысы Месут Өзил де дінін берік ұстанады. Саид Бенрахма, Антонио Рюдигер, Илкай Гүндоған футбол алаңында отай салған үздік футболшы мұсылмандардың тізімінде өз орындары бар.

Дін үкімі қандай?

Зерттеулер ауыз бекітудің футболистердің нәтижесіне әсер ететінін дәлелдеп отыр. Жылдамдығы, күші, төзімділігі азаятын көрінеді. Бірақ бұл уақытша ғана құбылыс екені дәлелденді.

Рамазан айында ораза тұту – бес парыздың бірі. Себепсіз бұзуға болмайды. Әрине, бұл футболистерге де қатысты. Дәрігерлер денсаулығына, өміріне зиян демесе, қарызын өтеуі тиіс.

Кейбір дін ғалымдарының пікірінше, қауырт, күш көп жұмсауға тура келетін жұмыстар істейтін адамдар оразасын доғара тұруына болады. Бұл шахтер секілі мамандықтармен бірге, кәсіби футболшыларды да осы топқа жатқызуға болады.

Ислам қағидаттары бойынша, күш түсетін ойын кезінде оразасын қаза еткендер кейінірек, айт өткен соң өтеуге немесе мұқтаждарды ауыз аштыру арқылы өтеуге де болады.

Айта кететін жайт, мұсылман футбол жұлдыздары тек талантымен ғана емес, өзінің қарапайымдылығымен, мәрттігімен, мейрімділігімен әлем жұртшылығының баурап алып жүр.

Мұның алдында ораза кестесін жария еткен едік.

Сондай-ақ оқыңыз