AMANAT партиясының экс-депутатына педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды

AMANAT партиясының бұрынғы депутатына жеті жасар баланы зорлау ісі бойынша жақын арада үкім шығарылуы тиіс. Оқиға Жетісу облысында болған.
Orda ақпаратына қарағанда, айыпталушы – Серікқан Жақыпов өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сұмдық оқиға
AMANAT партиясының бұрынғы функционері және Ақсу ауданы әкімінің аппаратының экс-басшысы өткен жылдың жазында ұсталды. Арызды оның туысы жазып, жеті жасар ұлын зорлады деп айыптаған. Кейін сараптама бұл фактіні растады.
Прокурор кесімі
Бүгін сотта тараптардың жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы Ерлен Жантасов Жақыповқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Үкім алдағы күндері шығарылады деп күтіліп отыр.
Күдікті қандай қызмет атқарды?
Серікқан Жақыпов 2020 жылдың күзіне дейін Ақсу ауданы әкімінің аппаратын басқарған. 2021 жылы мемлекеттік қызметкерлер арасында этика жөніндегі уәкіл болып жұмыс істеген. Ал 2024 жылдың 31 наурызында оны аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлаған.
Билік партиясы күдіктінің 2024 жылдың 1 тамызында қатардан шығып кеткенін хабарлаған болатын.