Дубай жақындай түседі: БАӘ биыл ЕАЭО-ға қосылуды көздейді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Біріккен Араб Әмірліктері ЕАЭО-ға қосылғысы келеді / фото: REUTERS/Mohammed Salem

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) мен Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) еркін сауда аймағы туралы маңызды келісімге қол қоюға жақындап қалды. Бұл туралы Әмірліктердің сыртқы сауда жөніндегі министрі Тани бен Ахмед әл-Зейуди мәлімдеді.

Шенеуніктің айтуынша, құжат бірнеше айда дайын болып, оған 2025 жылы қол қойылуы мүмкін.

«Осы құжатты бір жарым жыл бойы дайындадық. Екі немесе үш айдан соң оған қол қоятын сәтті асыға күтіп жүрміз», – дейді ал-Зейуди. Министрліктің мәлімдемесін ОА сайты жариялады.

Әмірліктерді еркін сауда аймағына қосуға дайындықтың басталғанына біраз уақыт болған. 2022 жылғы желтоқсанда ЕАЭО елдері басшыларының Бішкектегі кездесуінде БАӘ-мен келіссөз жүргізетіні мәлім болған. 2023 жылғы наурызда алғашқы кездесу өткен.

Сауда көрсеткіштері

Қазақстан мен БАЭ өзара сауда айналымын 1 млрд долларға жеткізуге көздеп отыр. Жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктерге сапарлап барған.

Кейінгі үш жылда БАӘ мен Ресей арасындағы сауда айналымы екі есе ұлғайып, 3,5 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін жеткен.

Әмірлік министрінің пікірінше, еркін сауда аймағы нарықтың дамуына серпін береді.

Еуразия экономикалық одағына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кіреді. Төрт мемлекет бақылаушы мәртебесіне ие болса, тағы төрт ел еркін сауда аймағына қосылған. Қазіргі таңда жеті елмен келіссөз жүріп жатқаны мәлім.

Қытай мен ЕАЭҚ сауда-экономикалық әріптестік туралы келісімге отырған.

Сондай-ақ оқыңыз