Дональд Трамп 5 млн долларға АҚШ азаматтығын сатпақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Трамп 5 млн долларға АҚШ азаматтығын сатпақ / фото: архив kursiv.media

АҚШ президенті Дональд Трамп елде өмір сүруге және жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «алтын карталарды» сатуды қолға алатынын жариялады. Трамптың айтуынша, бағасы 5 млн доллар тұратын бұл карта АҚШ-та тұруға құқық беріп қана қоймай, азаматтық алуға жол ашады.

«Біз “алтын картаны» сатуды бастаймыз. Сіздер грин-картаны білесіздер, бірақ бұл – алтын карта. Бұл картаның бағасын шамамен 5 миллион доллар деп белгілейміз, ол сізге грин-карта беретін барлық артықшылықтармен қатар, азаматтық алу мүмкіндігін де сыйлайды. Бай адамдар біздің елге осы картаны сатып алу арқылы көшіп келе алады”, – деді Трамп CNN телеарнасына берген сұхбатында.

АҚШ-тың Сауда министрі Говард Лютник жаңа «алтын карта» бағдарламасы қазіргі EB-5 иммиграциялық визасының орнын басатынын түсіндірді. Бұған дейін EB-5 бағдарламасы арқылы АҚШ-та инвестиция құйған шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат (грин-карта) берілуі мүмкін еді.

Президент Трамптың айтуынша, «алтын карталар» сатылымы екі аптадан кейін басталады. Ол бұл карталарға сұраныстың жоғары болатынын болжап, миллиондаған данасы сатылады деп үміттенетінін жеткізді.

Ресейлік олигархтар да сатып ала ала ма?

Журналистер Трамптан «алтын картаны» ресейлік олигархтар сатып ала ала ма?” деп сұраған.

«Иә, мүмкін. Мен бірнеше ресейлік олигархтарды танимын, олар өте жақсы адамдар», – деп жауап берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-та ұлттық әл-ауқат қорын құруға тапсырма берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз