Астанада қаржы пирамидасын құрғандар 69 млн теңгеге үй алған

Жарияланды
финпирамида
Астанада қаржы пирамидасы анықталды / Фото: shutterstock

Астанада «Жұлдызай», «Аяулым» атты қаржы пирамидаларын ұйымдастырғандарға үкім шықты. Айыпталушылар пирамидаға 60 адам тартып, оларға 490 млн теңге зиян келтірген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, алаяқтық жасағандар әлеуметтік желілерде өздерін табысты кәсіпкер ретінде таныстырған. Оқырмандарына тендер арқылы тез табыс сабу деген схеманы ұсынады.

Пирамида қатысушылары 1 млн теңгеден бастап инвестиция салуы қажет болған. Есесіне оларға 40 күн ішінде 90%-дан аса табыс түседі деген уәде береді.

Бірақ пирамида құрған алаяқтар келген қаражатты жеке пайдасына жаратқан. Астанадан құны 69,5 млн теңге болатын, премиум санаттағы пәтер сатып алып, қайын енесіне рәсімдейді.

Тергеу барысында айыпталушылар жәбірленушілерге 72 млн теңге шығынды өтеді. Бірақ сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды айыпты деп танып, 5 жылдан 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Жалған уәдеге сеніп, өз қолымен алаяқтарға қаражатын апарып берген қазақстандықтар саны азаяр емес. Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметіне сенсек, былтыр қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге ақша құйған. Оның тек 13 млрд теңгесі қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз