«Кропоткинская» мұнай айдау станциясы қазақстандық танкерлерді еш кедергісіз қабылдап жатыр

Жарияланды
Қазақстандық танкерлер кестеге сай жұмыс істеп жатыр / Фото: shutterstock

Дрондар шабуылдаған Кропоткинская мұнай айдау станциясы қазақстандық танкерлерді кестеге сай қабылдап жатыр. Қазақстандық мұнайдың тасымалдануына кедергі жоқ. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, Каспий құбыры консорциумында мұнай көлемін сақтайтын үлкен сыйымдылықтар бар. Сондықтан Қазақстан мұнайын ешбір кедергісіз қабылдап жатыр.

«Тигізген зардап бойынша есеп берілді, ол қазақстандық акционерлермен келісілді. Тұрақты жұмыс үшін КҚК-да үлкен көлемде мұнай сақтайтын сыйымдылықтар бар. Шамамен 1 млн тоннаға жуық. Қазақстан мұнайын ешбір кедергісіз қабылдап жатыр. Ол үшін барлық технологиялық шешімдер ұсынылған. Қазіргі уақытта мұнай тасымалдау графикке сай жүріп жатыр», – деді министр Сәтқалиев.

Ал тигізген зардап бойынша дипломатиялық каналдар арқылы Украинамен байланыс орнатылған. Бірақ, әзірге, нысанға тигізген зардапты қалпына келтірумен кәсіпорынның өзі айналысып жатыр.

Бұған дейін Каспий құбыр желілері консорциумының акционерлері Біріккен Араб Әмірліктерінде кездесіп, станцияны жөндеуге көмектесеміз деп мәлімдеген еді. Жөндеу жұмыстары шамамен екі айға созылуы мүмкін.

Каспий құбыр желілері консорциумы акцияларының 24%-ы Ресейге тиесілі. 19%-ын «ҚазМұнайГаз» компаниясы иеленеді. Акционерлер арасында  Chevron Caspian Pipeline Consortium Company (15%), Mobil Caspian Pipeline Company (7,5%), Eni International N.A. N.V. S.ar.l.(италиялық), BG Overseas Holdings Limited (британиялық) компаниялары да бар.

Сондай-ақ оқыңыз