Өткеннен сабақ алмаған. Прокурорлар әкімдіктердің су тасқынына дайын емес екенін айтты

Өңірлерде көктемгі су тасқынына дайындық төмен деңгейде. Прокурорлар анықтаған олқылықтардан бұл жұмыстарға жауапты органдардың өткен жылғы оқиғадан сабақ алмағанын көруге болады.
Жетісу облысының прокуратурасы Үйлестіру кеңесін өткізіп, онда өңірдің су тасқыны кезеңіне және басқа да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындығы талқыланған.
Өкінішке қарай әкімдіктердің көктемгі су тасқынына дайындығынан прокуратура біршама олқылықтар анықтаған. Прокуратура мәліметінше, облыстағы 114 гидротехникалық құрылыстың 12-сінің (10,5%) жағдайы нашар.
«Олардың пайдалану жарамдылығын анықтау үшін кешенді зерттеулер жүргізу керек», – дейді Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев.
Дайындық шаралары формалды түрде жүргізілген
Басшыбаевтың айтуынша, су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары формалды түрде жасалады. Қағазда көрсетілген шаралар жыл сайын бірін-бірі қайталайды. Сонымен бірге онда жергілікті жердің ерекшеліктері мен алдыңғы жылдардағы су басу оқиғалары ескерілмейді. Мәселен, өңірде 6 рет елді мекенді су басып, 2 жол шайылған. Бірақ бұл жайттар назардан тыс қалған.
Сонымен бірге лай суды сору үшін сатып алынған жабдықтар мен су тасқынына қажетті қондырғылардың техникалық сипаттамалары талаптарға сай келмейтіні анықталған.
«Ықтимал су тасқынын жою үшін қажетті инертті материалдардың дайындалуы бойынша да олқылықтар бар. Жалпы, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар тарапынан су тасқынына қарсы іс-шаралар жеткіліксіз орындалған», – деді прокурор.
Прокурорлар мен мәслихат депутаттары су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауды күшейтуді ұсынып, дайындық барысын прокурорлық қадағалауға алған.
БҚО-да да сол жағдай
Батыс Қазақстан өңірінің прокуратурасы да жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына дайындығынан біршама кемшіліктер анықтаған. БҚО прокуроры Дәурен Омарғалиев уәкілетті органдардың өткен жылғы су тасқынынан сабақ алмағанын айтқан. Бұл өңірдің прокурорлары да су тасқынына дайындық жоспарының жылда қайталана беретінін анықтаған. Прокурор өткен жылғы су тасқынына осындай олқылықтар себеп болғанын айтады.
Мысалы, Қаратөбе ауданының әкімдігі 2024 жылғы жоспарына еш өзгеріс енгізбеген. Бұл жоспар өткен жылдың көктемінде су тасқынының алдын алуға еш көмектеспеген. Ол кезде Қоржын елдімекенін су басып қалған.
Омарғалиевтың айтуынша, өңірде су тасқынының алдын алу үшін қардан тазалау, құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексеру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Мұндай олқылықтар үшін Орал қаласы, Қаратөбе және Жанғалы аудандарының әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Прокурордың айтуынша, топырақта мұз тоңы қалың. Күн жылыған кезде қар еріген кезде, су деңгейі айтарлықтай көьтерілуі мүмкін. Су тасқынының алдын алу мақсатында 57 бөгет құрылысы жүріп жатыр. Бірақ әкімдіктердің дұрыс жоспар құрмағанына байланысты біраз елдімекендерге қауіп төніп тұр.
«58 ауыл әлі күнге дейін қорғаусыз қалған. Сонымен бірге 20 гидротехникалық құрылыстың жағдай қанағаттанарлықсыз», – дейді прокурор.
Осы олқылықтарды тізіп шыққан прокуратура әкімдіктер мен жауапты ұйымдарға кемшіліктерді жойып, су қоймалары мен өзендердегі су деңгейін қатаң бақылауда ұстау туралы талап қойған.
Айта кетейік, Қарағанды облысында да су тасқыны қаупі сақталады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жауын-шашын көп болатнын айтып, су тасқынына дайын болу керек екенін айтты.