Астана әуежайында ресейлік жолаушы ішіп алып, ұшақта дүрбелең туғызды

Жарияланды
Астана әуежайында дүрбелең туғызғаны үшін жолаушыға үш бірдей айып тағылды./фото: KursivMedia мұрағаты
Астана әуежайында дүрбелең туғызғаны үшін жолаушыға үш бірдей айып тағылды./фото: KursivMedia мұрағаты

Астана әуежайында ұшар алдында дүрбелең туғызған шетелдік жолаушыға айыппұл салынды.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, «Астана–Алматы» рейсі ұшар алдында мас шетелдік мінез көрсетіп, өзге жолаушыларды ұшақтан түсуге бұйырған. Астана әуежайындағы бұл жайтты әуекомпания өкілдерінің актісінде тіркеліп отыр.

Тұтқаны сындырған

Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері дау тудырған адамды ұшақтан түсіріп алған.

Ол Астана әуежайында ұшу уақытын кешіктіріп қана қоймай, алдыңғы есігінің қосалқы тұтқасын бұзған.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жолаушы қулыққа басып, жүрегінің ауырғанын айтқан. Дем жетпей жатыр деп шағымданыпты.

«Бірақ жолаушының денсаулығы ол ойлағандай болмай шықты. Медициналық көмектің орнына оған алкогольді тексеруден өту қажет болды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Дәрігерлер оның мас болғанын анықтады

Медициналық тексеру 44 жастағы Ресей азаматының жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтады. Дүрбелең туғызғаны үшін жолаушыға үш бірдей айып тағылды. Ішімдік ішкені, қоғамдық орынға мас болып келгені және ұшақ тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

«Әуе бортындағы қауіпсіздік – ең басты талап», – деп хабарлайды департамент.  

Көліктегі полиция департаментінің ескертуінше, ұшақта орынсыз әрекет жасап, тәртіп бұзған жолаушылардың заң алдында жауапкершілікке тартылады. Өйткені, бұл ұшақтың жарамдылығына, рейстің кешігуіне әсер етеді. Салдары ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Астана әуежайындағы бұл оқиға баршаға сабақ болуы тиіс.

Мұның алдында FlyArystan рейсінде бортсерікті ұрып, «ұшақта бомба бар» деп үрей туғызған  жолаушыға үкім шығарылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз