Депутат Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясындағы қызметінен босатылды

Жарияланды (жаңартылды )
Жигули Дайрабаев партиядағы қызметінен босатылды / Фото: facebook

«Ауыл» партиясы төрағасының оранбасары болған Жигули Дайрабаев лауазымынан босатылды. Бұл туралы Ауыл партиясының ресми сайтында хабарланды.

Партияның хабарландыру бөліміндегі құжатта Жигули Дайрабаевты партиядағы лауазымынан босату мәселесі талқыланғаны айтылған.

«Бүгін «Ауыл» партиясы Фракциясының отырысы өтті. Отырыс барысында ағымдағы партиялық қызметтің бірқатар мәселелері қаралды, оның ішінде Мәжіліс депутаты, Фракция мүшесі Жигули Дайрабаевты партия Төрағасының орынбасары қызметінен босату жөнінде ұсыныспен партияның Саяси кеңесінің Төралқасына жүгіну туралы шешім қабылданды», – делінген партия хабарламасында.

Дайрабаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сессиясында депутат ретінде сайланған. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

Мәжіліс сайтында депутаттың үш ұл тәрбиелеп өсіргені туралы айтылған. Балалары демекші, президенттік сайлауға түскен депутаттың екі ұлы алаяқтық үшін істі болған. 2023 жылдың сәуірінде Дайрабаевтың ұлдарына жымқыру және алаяқтық фактілері бойынша сот үкімі шыққан болатын. Оның Дидар және Марат атты ұлдары басқа да кәсіпкерлермен бірігіп, жарты млрд теңге субсидиялық қаражатты жымқырды деп айыпталды. Сот оларға 5 жылға шартты түрдегі жаза тағайындап, пробациялық бақылауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз