Ақтаудағы әуе апаты құпиясы ашылмаған ірі істер қатарында аталды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтаудағы әуе апаты құпиясы ашылмаған істер қатарына жатады / REUTERS/Azamat Sarsenbayev

Ақтаудағы былтыр 25 желтоқсанда болған әуе апаты әлемде құпиясы ашылмаған ірі істер қатарына жатады. Ұшақ апатына қатысты жүздеген істің қорытынды есебі жарияланбаған.

Жақында бірінен соң бірі болған әуе апаттары ұшу қауіпсіздігіне назар аударуға түрткі болды. Әуе қауіпсіздігі туралы есептерге ерекше мән беріледі. Себебі ірі апаттар көбіне ашылмай қалып қойып жатыр, деп жазды Reuters.

Жүздеген ірі әуе апатының қорытынды есебі жоқ

Мәліметтерге үңілсек, қайғылы оқиғалардың басым бөлігінің түпкілікті есебі дайындалмаған. Мұндай есептер авацияның уақыт өте келе қауіпсіз болуына көмектескен.

Сарапшылардың айтуынша, ресурстың жеткіліксіздігі мен мүдделі топтардың әрекеті зерттеу жүргізуге кедергі болуы мүмкін.

Әуе компанияларының мәліметінше, 2018 жылдан 2023 жылдың аяғына дейінгі уақытта адам өлімі болған немесе айтарлықтай залал келтірген 268 әуе апатының шамамен жартысының қорытынды есебі шықпаған.

«Шынымен өзекті мәселе. Осындай апаттардың есебі сабақ алу, болашақта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін қажет», – дейді Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы қауіпсіздік бөлімінің басшысы Марк Сирл.

Кінәліні анықтау үшін емес

Ондаған жылдың ішінде кінәліні анықтау емес, қателіктен сабақ алу үшін дайындалған зерттеулер, сонымен бірге ақпарат алмасу нәтижесінде әлемде ұшу қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды.

Биыл наурызда China Eastern ұшағы тау жотасына соғылғанына үш жыл толады. Апаттан 132 адам қаза тапты. Марқұмдардың туыстары Қытайда кейінгі отыз жылда болған ірі әуе апатына не себеп болғанын әлі күнге дейін біле алмай жүр.

Қытайда Boeing 737-800 ұшағы 2022 жылғы наурызда биік жотаға соғылды / фото: REUTERS/Carlos Garcia Rawlins

Бұл әлемде қорытынды есебі әлі жарияланбаған ондаған әуе апатының бірі ғана. Әдетте осындай есепті дайындауға бір жыл уақыт беріледі.

Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда және АҚШ-та жақында болған әуе апаттары, сонымен бірге Канадада апатты жағдайда қонған ұшақ әлемде қауіпсіздік мәселесіне тағы да назар аударуға мәжбүрледі. Сала мамандары апаттардың көбінің себебі анықталмағанына алаңдап отыр.

Мысалы, осындай зерттеулер арқасында жолаушы апат бола қалған жағдайда бүктетіліп отыруы қажет екенін түсіндік. Өйткені 1976 жылы Нью-Джерсидегі әуе апатынан аман қалған бір адам осылай жасаған.

Ұшақтардың соғысып қалуын болдырмау технологиясы, ұшақта үрмелі қауіпсіздік жастығын қолдануға тыйым салу, орындықтың мейлінше ыңғайлы етіп жасалуы – осының бәрі бұған дейінгі апаттардан сабақ алудың нәтижесі.

Дедлайн

БҰҰ-ның азаматтық авиация ұйымы апат туралы бастапты есепті 30 күнде, қорытындысын 1 жылда тапсыруды талап етеді. Осы уақытқа үлгермегендер жыл сайын мәлімдеме таратып отыруы тиіс.

Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы 2025 жылғы 5 ақпанда жарияланды. Жақында Embraer-190 жолаушылар ұшағы апатының тергеу қорытындысы жыл аяғына дейін жарияланатыны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз