Қырғызстанға заңсыз жанармай тасыған қылмыстық топқа іздеу жарияланды

Жарияланды
Қырғызстанға 102 мың тонна жанармай тасыған/фото: KursivMedia мұрағаты
Қырғызстанға 102 мың тонна жанармай тасыған/фото: KursivMedia мұрағаты

Қырғызстанға заңсыз жолмен АИ-92 маркалы жанармай тасып, пайда тауып жүрген қылмыстық топтың мүшелеріне іздеу жарияланды.

Жалған құжат жасап, шекарадан өткізген

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, бұл қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, қазір қызметі тоқтатылған. Олар АИ-92 маркалы жанармайды шекара асырып, Қырғызстанға, Алатаудың арғы жағына апарып сатып жүрген.

«Тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан аумағында бензинді еріткіш және дистиллят ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы шекарадан заңсыз өткізгені анықталды», – деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

102 мың тонна жанармай сатып үлгерген

Оқиға былай өрбіген. «Түрксіб» станциясында 500 тонна жанармай тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталған. Жүк «Қара Май Ойл» шағын мұнай өңдеу зауытынан Қырғызстанға жөнелтілгені анықталды.

Тергеу дерегіне сәйкес, 2023-2024 жылдары бұл мекеме 102 мың тоннадан астам мұнай өнімдерінің Қырғызстанға экспорттағаны белгілі болып отыр.

15,5 млрд теңге пайда

Алдын ала есепке жүгінсек, осы көлеңкелі айналымнан олар соңғы екі жылда 15,5 млрд теңгеден астам пайда тапқан.

Қаржылық мониторинг агенттігі осыған байланысты үш күдіктіге мемлекетаралық іздеу жариялады.

Күдіктілердің есімдері

Олар – Попов Алексей Александрович. 27.04.1987 жылы туған. Қазақстан Республикасының азаматы. Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы. Бұл күдікті Қырғызстанға жанармай тасығандар тізімінде бірінші тұр.

Екіншісі – Ибраимов Рахымжан Маматұлы.  29.01.1996 жылы туған. Қазақстан Республикасының азаматы. Өзбекстан Республикасының Чартак қаласының тумасы.

Үшінші күдікті – Сағындықов Серік Ерланұлы. 29.07.1987 жылы туған. Қазақстан Республикасының азаматы. Жамбыл облысының тумасы. Бұл күдіктілерге Қырғызстанға жалған құжат жасап, шекарадан заңсыз жанармай өткізгені үшін іздеу жарияланып отыр.

Үш күдікті де бұрын істі болмаған. Оларға «қамаққа алу» бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазақстан жанамай бағасы арзан елдер қатарында 11-орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз