Нархоз университетінің президенті діни дәріске байланысты кешірім сұрады

Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет кәсіпкер Аяжан Жақсыбайдың дәрісі барысында болған жағдайға байланысты мәлімдеме жасап кешірім сұрады.
Университет президентінің айтуынша, бастапқыда дәрістің тақырыбы «Жеке брендті нөлден бастау» деп көрсетілген. Алайда дәріс барысында тақырыптан ауытқып, спикер университет саясатына қайшы келетін пікірлер айтқан. Бұл студенттер мен қоғам тарапынан теріс реакция тудырды.
«Нархоз университетінде кез келген саяси немесе діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған. Жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылды», – деді университет президенті.
Қанат Қожахмет болашақта шақырылатын қонақтарды мұқият бақылауға уәде беріп, орын алған жағдай үшін кешірім сұрады.
«Мұндай оқиғалар тек бізде ғана емес, Гарвард, Йель және Колумбия университеттерінде де кездеседі. Қателеспейтін адам жоқ. Біз студенттеріміз үшін көп жұмыс атқарып жатырмыз және кез келген мәселелерді алдағы кездесуде ашық талқылауға дайынбыз», – деп атап өтті Қожахмет.
Университет әкімшілігі студенттер мен қоғамды жағдайды түсіністікпен қабылдауға шақырды.
Еске сала кетейік, желіде студенттердің діни ән айтып, дәріс өтіп жатқан видеосы тараған еді. Студенттер бұндай дәріс форматын ұнатпай, университет басшылығына шағымданған еді.