Қанат Шарлапаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен кетті

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Ол министр қызметінен босатылған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.
Қанат Шарлапаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып 2023 жылы тағайындалған болатын.
Сонымен қатар, Президент жарлығымен Әсет Ерғалиев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Жандос Шаймардановтың орнына келді.
Ал Абай Қайырбеков Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы болды.