Ұлытау облысының мәдениет басқармасының басшысы сотталды

Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә. Омар түрмеге қамалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына қарағанда, сот осындай үкім кескен.
«Омар алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластарына бір жылға дейін бостандықты шектеу жазасы тағайындалды. Сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.
Айта кететін жайт, Жезқазған қалалық соты Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә. Омарға, оның қол астындағы – тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Сарбаеваға, «Облыстық ғылыми-әдістемелік орталық» басшысы Г. Жолашароваға және «Тілдерді дамыту ресурстық орталығы» басшысы Ж.Оспановаға, сондай-ақ жеке компанияның өкілі О. Талғатқа қатысты үкім жарияланған.
Сот барысында олардың қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны дәлелденді. Жезқазған қаласында мәдени шараларды ұйымдастыру үшін 3,9 миллион теңге көлемінде қосымша келісім-шарт жасағандары үшін кінәлі деп танылды.
Мұның алдында Ұлытау облысында 1,5 млрд теңгенің субсидиясы кәсіпкер ретінде тіркелмеген адамдарға берілгені туралы ақпарат шықты.