ҚТЖ-ның топ-менеджері Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып Ерсайын Нағаспаев тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Ол 2021 жылдан бері «Қазақстан темір жолы» компаниясында қызмет істеген.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Нағаспаев 1980 жылы Қарағанды қаласында туған. Ол Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Сыртқы істер және Көлік министрліктерінде қызмет атқарған.
Премьер-министрдің орынбасарының кеңесшісі, Шахтинск қаласының әкімі және Астана қаласы әкімінің орынбасары болды.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарған Қанат Шарлапаевты Қасым-Жомарт Тоқаев өз көмекшісі етіп тағайындады.