Алдағы 6 жылда дәнекерлеуші, сылақшы, тракторшы мамандары ауадай қажет болады

Алдағы 6 жылда Қазақстанның еңбек нарығына 1,6 миллион кадр қажет болады. Кәсіптік-техникалық білімі бойынша 900 мыңға жуық маман керек болса, жұмысшы мамандықтары бойынша 400 мыңнан астам кадр қажет. Мұндай мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметов келтірді.
Министр орынбасары алдағы жылдары сұранысқа ие болатын мамандықтар атап шықты.
«Ең үлкен сұраныс құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында байқалады. Бұл салаларда жұмысшы мамандықтарының үлесі 56%-ды құрап отыр», – деп атап өтті вице-министр.
Құрылыс саласында ең жоғары сұраныс:
- Сылақшыларға – 9 758 адам
- Құрылыс бригадирлеріне (прорабтар) – 9 477 адам
- Дәнекерлеушілерге – 7 229 адам
Ауыл шаруашылығы:
- Фермерлер – 10 695 адам
- Тракторшылар – 7 141 адам
- Ірі қара мал өсірушілер – 4 940 адам
Өңдеу өнеркәсібі:
- Дәнекерлеушілер – 3 342 адам
- Тігіншілер, киім реставраторлары – 2 606 адам
- Өнеркәсіптік жабдық слесарлары – 2 367 адам
- Сантехниктер және құбыр монтаждаушылары – 2 051 адам
Денсаулық сақтау саласы:
- Орта медициналық қызметкерлер – 24 614 адам
- Жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам
- Фельдшерлер – 4 536 адам
Вице-министр 2030 жылы жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс 71,4 мың адамға дейін артатынын айтады.
Айта кетейік, бүгінде азаматтардың ең көп бөлігі сауда (16,8%), білім беру (13,1%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,6%) салаларында істейді.
Халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша жүргізілген іріктемелі зерттеу деректеріне сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 4,6%. Жұмыссыздардың үлесі 2025 жылғы қаңтар айының соңына қарай жұмыс күшінің 2,9%-ын құраған.