Алматыда Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваны полиция ұстап әкетті

Алматыда ЛГБТ ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваны полиция ұстап әкетті. Бұл туралы Bes Media хабарлады.
Белсендінің достарының айтуынша, ешқандай шақырусыз Алмалы аудандық полиция бөліміне алып кетті.
BES.media мәліметінше Секербаеваның ұсталуы бір жыл бұрын болған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үкіміне қарсы өткен наразылық акциясына байланысты екенін хабарлады. Белсенділер Бишімбаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын талап еткен. Сол кезде марш ұйымдастырушысы Гүлзада Сержанға 184 мың теңге көлемінде айыппұл салынған еді.
Жанар Секербаева кім?
Жанар Секербаева – Қазақстандағы Feminita феминистік ұймының тең құрылтайшысы. Бұл ұйым әйелдер мен ЛГБТ қауымдастығының құқықтарын қорғаумен айналысады. 2017 жылдан бері Feminita ұйымын ресми тіркеуге тырысқанымен, әкімшілік кедергілерге тап болып келеді.
Бұған дейін Секербаева мен оның әріптесі Гүлзада Сержанға қарсы бірнеше рет әкімшілік іс қозғалған. Тіркелмеген ұйымды басқарды деген айыппен екеуіне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
13 ақпан күні Алматыда трениң өткізіп жатқан кезде қоғам белсендісі Бағила Балтабаева Feminita ұйымының үстінен арыз түсірген еді. Сол кезде де құқық қорғау органдары Жанар Секербаева, Гүлзада Сержан және Ақторғын Ақкенжебаласын ұстап, бөлімшеге алып кетіп, түсініктеме жаздырған.