Қаржы министрлігі мен миллиардерге тиесілі «Қазхромда» жарылыс болып, 4 адам күйіп қалды

Ақтөбе облысындағы «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында жарылыс болып, 4 жұмысшыны күйік шалды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.
«Кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы пайда болды. Салдарынан төрт адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шегушілерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», – деп хабарлады «Қазхром» ТҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр. Тексеріс аяқталғанша шахтадағы кен өндіру жұмыстары тоқтатылды.
Ақтөбе облысы Төтенше Жағдайлар департаменті ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында жарылыс болғаны туралы шақырту түскен.
«Зардап шеккендердің екеуі травматология бөліміне жатқызылды. Біреуі үйге жіберілді. Ал біреуінің жағдайы ауыр. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, өрт кезінде шахтада 228 жұмысшы болған. Қазір шахтада сутегі деңгейін өлшеу үшін әскери-құтқарушы топ жұмыс істеп жатыр.
«Қазхром» кімге тиесілі?
«Қазхром» Eurasian Resources Group құрамына кіреді. «Болашақ» шахтасы жақында, 2024 жылдың 27 желтоқсанында ашылды. Жобаның құны 1 триллион теңгеден асады. Шахтада екі кен орны – «Миллионный» және «Алмаз-Жемчужина» игерілуде. «Қазхром» бас директоры Сергей Прокопьев.
Eurasian Resources Group-тың ортақ иелері: ҚР Қаржы министрлігі – 40%, Александр Машкевич және Ибрагимовтар отбасы – 20,7%-дан, Патох Шодиев – 18,6%. Ибрагимовтар отбасы Forbes тізімінде Қазақстандағы ең бай отбасылар ішінде жетінші орында, олардың байлығы $1,5 миллиардты құрайды.
Александр Машкевич 2022 жылғы Forbes рейтингі бойынша Израильдің ең бай адамдарының ішінде алтыншы орынға жайғасқан, оның байлығы $3,7 миллиардты құрады, алайда одан кейін ол миллиардерлер тізімінде көрсетілмеді. Евразиялық топтың негізін қалаушылар Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов (қазіргі уақытта қайтыс болған, оның орнын жұбайы Мукадасхан Ибрагимова мен төрт ұлы – Достан, Даврон, Шухрат және Фурхат басқан) 2005 жылы Forbes тізімінде Қазақстандағы алғашқы долларлық миллиардерлер болып танылған, әрқайсысының капиталы $1 миллиард болған.