ҚТЖ-дағы апатқа байланысты 6 бағытта жүретін жолаушылар пойызы кешігіп жатыр

Жарияланды
апатқа байланысты жолаушылар пойызы
Запустят три поезда из Астаны в Алматы, Шымкент и Актобе / railways.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Атырау облысындағы апатқа байланысты 6 бағытта жүретін жолаушылар пойызы кешіктіріліп жатыр. Бұл туралы ҚТЖ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

«2025 жылғы 1 наурызда Тендік станциясындағы теміржол өткелінде жүк көлігінің жүргізушісінің кінәсінен жүк пойызымен соқтығысу орын алды. Оқиға салдарынан локомотив пен 11 бос жүк вагоны рельстен шықты. Осыған байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірнееше жолаушылар пойызының кідіретінін хабарлайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

ҚТЖ хабарлауынша мынадай бағыттағы жолаушылар пойызы кешіктіріледі?

  • №313 «Атырау Маңғыстау»;
  • №314 «Маңғыстау Атырау»;
  • №42 «Алматы Атырау»;
  • №41 «Атырау – Алматы»;
  • №123 «Волгоград – Ташкент»;
  • №691 «Атырау Ақтөбе».

Қандай шаралар қабылданып жатыр?

Апатқа байланысты Атырау қаласы әкімдігі жолаушыларды уақытылы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін Атырау станциясынан Қаработан станциясына дейін және кері бағытта арнайы автобустар ұйымдастырған.

Сонымен бірге жолда қалып қойған жолаушыларға тамақ жеткізу шаралары да ұйымдастырылып жатқанын айтылған.

Жолаушыларға өтемақы төлене ме?

Апатқа байланысты пойыз бір сағаттан астам кешіксе, жолаушылар өтемақы ала алады.

«Пойыздың бір сағаттан астам кідірісі болған жағдайда, Қазақстан Республикасының теміржол көлігімен жолаушыларды, жолжүкті, жүк-жолжүкті және пошта жөнелтімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес, жолаушыларға төлемдер қарастырылған», – делінген ҚТЖ хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, сапардан бас тартқан жолаушыларға жол жүру құны толық көлемде қайтарылады. Ал пойыз жол бойында тоқтап қалса, сол тоқтаған жерден жету нүктесіне дейінгі аралықтағы жол құны үшін ақы төленеді.

Ал пойыз кешіккен жағдайда әр толық кешіккен сағат үшін жол жүру құнының 3%-ы мөлшерінде, бірақ толық билет құнынан аспайтын көлемде өтемақы төленеді. Өтемақыны пойызы кешіккен жолаушылар «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның билет кассаларына өтініш беру арқылы алады.

Айта кетейік, бүгін 1 наурыз күні таңғы сағат 10 шамасында Атырау облысының Тендік станциясындағы теміржол өткелінде жүк көлігі мен жүк пойызының локомативі соқтығысып, 11 вагон рельстен шығып кеткен болатын. Апатта локомотив құрамының ауыр жараланғаны хабарланды. Олар жедел түрде сол маңдағы ауруханаға жеткізілген.

Сондай-ақ оқыңыз