Трамптың «Алтын визасы». Оны қалай алуға болады?

Дамыған елдердің көпшілігі заңсыз иммиграциямен күресті күшейтіп жатыр. Соңғы жылдары Америка «бақытты өмір» аңсағандардың отанына айналып бара жатқандай еді. Трамп президент болғалы оған да тосқауыл қойып, елге мигранттардың келуін шектейтінін жеткізді. Ал тіпті АҚШ-та тұруды армандасаңыз ақша салыңыз, алтын виза алыңыз деп отыр.
Трамптың шектеу енгізуі жаңалық емес. Кейбір мемлекеттер «алтын виза» ұсынады. Кейбіреулері «алтын паспорттар» арқылы шетелдіктерге толыққанды азаматтық береді. Бұл визалардың құны әртүрлі: кейбіреулері тек ауқатты өтініш берушілерге арналады, көпке қолжетімді тарифтер де бар. Статистика бойынша, мұндай визаларды көбінесе Қытай, Ресей және Таяу Шығыс елдерінің азаматтары сатып алады. Олар Батыс Еуропада немесе АҚШ-та тұруды қалайды.
Сарапшылардың кейбірі АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған «алтын виза» құрама штаттарда тұрғысы келетін байларға жаңа мүмкіндік береді деп есептейді. Алайда мұның теріс жағы бар деушілер де көп.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Америка құқық қорғау органдары бұл бағдарламалар қылмыстық әрекеттерге ықпал етеді және жемқорлыққа итермелейді, деп алаңдауда. Сарапшылар «алтын визалар» әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді деп есептейді, өйткені олар байларға мүмкіндік беріп, қарапайым адамдарға азаматтық алуды қиындатады. Сонымен қатар азаматтық пен елде өмір сүру құқығы сатылмауы тиіс деп санайды.
«Алтын виза» дегеніміз не?
Алтын виза, кейде «инвестициялық виза» (residence by investment) деп аталады. Құжат белгілі бір елде тұруға және жұмыс істеуге рұқсат береді. Ол үшін өтініш беруші сол елдің экономикасына қомақты инвестиция жасауы керек. Мысалы:
- Жылжымайтын мүлік сатып алу;
- Компания ашу;
- Мемлекетке қаржы аудару (қайырымдылық, инвестициялық қорлар және т.б.).
Кей жағдайларда «алтын виза» иесінен елде тұрақты тұру талап етілмейді. Сондықтан бұл «Б жоспары» ретінде басқа мемлекетке көшуді қарастыратын адамдар үшін ыңғайлы. Олар бұл визаны елге көшпестен, сол жерде мүлікке ие болу немесе сол елде еркін жүру үшін қолдана алады.
«Алтын паспорт» дегеніміз не?
Азаматтық алу үшін инвестиция жасау (citizenship by investment) – сирек кездесетін, бірақ өте тиімді бағдарлама. Егер Еуропалық Одаққа мүше елдің азаматтығын алсаңыз, онда ЕО-ның барлық 27 елінде жұмыс істеуге, саяхаттауға және оқуға құқығыңыз болады.
«Алтын паспорт» алу үшін сіз ел экономикасына елеулі қаржы салуыңыз немесе мемлекетке тікелей төлем жасауыңыз қажет. Кейбір елдер мұндай виза алған инвесторларға бірнеше жылдан кейін азаматтыққа өтініш беруге мүмкіндік береді (мысалы, Португалияда – 5 жылдан кейін).
Қай елдер «алтын паспорт» ұсынады?
- Кариб теңізі елдері – Антигуа және Барбуда, Гренада, Сент-Китс және Невис. Бұл елдер 200 000 доллардан бастап инвестиция салғандарға азаматтық береді.
- Мысыр, Иордания, Черногория, Солтүстік Македония және Аустрия – инвестиция арқылы азаматтық алуға мүмкіндік береді.
- Науру (Тынық мұхитындағы арал мемлекеті) 140 500 доллар төлеу арқылы «алтын паспорт» ұсынады. Бұл қаражат аралдағы климаттың өзгеруіне байланысты қоныс аудару шығындарын өтеу үшін қолданылады.
- БАӘ-де де мұндай виза бар. Аталған елдің ерекше визасы ірі инвесторлармен қатар, ғалымдар мен профессорларға беріледі. Бастысы алатын жалақысы 30 мың дирхамнан төмен болмауы қажет.
АҚШ-тың «алтын картасы» дегеніміз не?
Дональд Трамптың «алтын картасы» – 5 млн доллар төлеген инвесторларға заңды өмір сүругежәне болашақта азаматтық алуға мүмкіндік беретін бағдарлама.
Бұл бағдарлама АҚШ-тың EB-5 визасының орнына ұсынылып отыр. EB-5 бағдарламасы 1990 жылы құрылған және шетелдік инвесторлардың АҚШ экономикасына қаржы құюына мүмкіндік беру үшін жасалған. Бұл карта бойынша түскен қаражат тікелей АҚШ бюджетінің тапшылығын өтеуге бағытталуы мүмкін.
Мұндай визалар бұрыннан бар ма?
Кейбір елдер инвестициялық визалар бағдарламасын ондаған жылдар бойы пайдаланып келеді.
- Канада 1980 жылдары инвесторларға арналған иммиграциялық бағдарламасын іске қосты.
- Еуропада «алтын визалар» қаржылық дағдарыстар кезінде шетелдік капитал тарту үшін енгізілді.
- Португалия, Ирландия, Грекия және Мажарстан да осындай бағдарламаларды іске қосты.
- Бұл елдерге ЕО мен Халықаралық валюта қоры қаржылық көмек көрсеткеннен кейін, олар шетелдік инвестиция тарту үшін алтын визаларды ұсынды.
«Алтын визаны» алып тастаған, талаптарын қатаңдатқан елдер бар
Алайда мұндай құжаттарға қатысты проблемалар (жылжымайтын мүлік бағасының көтерілуі, сыбайлас жемқорлық және заңсыз әрекеттер) кейбір елдерді бұл бағдарламалардан бас тартуға мәжбүр етті.
- Ұлыбритания, Ирландия, Нидерланды, Грекия және Мальта – «алтын визаларды» алып тастады және ішінара беруін шектеді.
- Испания 2024 жылы бағдарламаны жабатынын мәлімдеді.
- Португалия 2023 жылы жылжымайтын мүлікке инвестиция арқылы «алтын виза» алу мүмкіндігін тоқтатты.
Ал кейбір елдер талаптарын қатаңдатып, құнын өсірді.
- Португалия: жылжымайтын мүлікке инвестиция жасау арқылы алтын виза алу мүмкіндігін шектеді. Бірақ 500 000 еуро инвестициялық қорға салу немесе ғылыми зерттеулерге қаржы бөлу арқылы алу мүмкіндігі бар.
- Греция: 2023 жылы жылжымайтын мүлікке ең төменгі инвестиция көлемі 400 000 еуроға дейін көтерілді.
- Кариб елдері: 2024 жылы барлық елдер азаматтық алу үшін ең төменгі инвестиция көлемін 200 000 долларға дейін көтерді.
Сонымен қатар Жаңа Зеландия, керісінше, 2024 жылғы рецессиядан кейін «алтын визаның» талаптарын жеңілдету туралы шешім қабылдады. Енді инвесторлар үшін ағылшын тілі тесті алынып тасталды, инвестиция салу салалары кеңейтілді және елде болу мерзімі өзгертілді.
Экономикаға әсері қандай?
«Алтын визалар» көптеген елдерге миллиардтаған доллар көлемінде инвестиция тартуға көмектесті. Мысалы, Португалия мен Грекиядағы жылжымайтын мүлік нарығы осы бағдарламалар есебінен айтарлықтай жанданды. Инвесторлар қомақты қаражат жұмсап, жаңа кәсіпорындар ашып, экономиканы дамытуға үлес қосады. Алайда бұл бағдарламалардың теріс әсері де жоқ емес. Көптеген елдерде аталған визаларға сұраныс жергілікті тұрғындар үшін тұрғын үй бағасының күрт қымбаттауына алып келді.
Нәтижесінде, халықтың басым бөлігі баспана сатып алу мүмкіндігінен айырылып, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түсті. Сонымен қатар кейбір жағдайларда бұл бағдарламалар заңсыз жолмен табылған ақшаның заңдастырылуына себепші болуы мүмкін деген қауіп бар.
Алтын виза алу талаптары
Әр елдің алтын виза беру талаптары әртүрлі. Жалпы алғанда, инвестор белгілі бір сомадағы қаржыны жылжымайтын мүлікке, бизнесті дамытуға немесе мемлекеттік облигацияларға салуы керек. Мысалы, Португалияда алтын виза алу үшін инвестор кемінде 500 000 еуро құюы тиіс, ал Греция бұл соманы 400 000 еуроға дейін көтерді. Кейбір елдерде өтініш берушілерден елде белгілі бір уақыт тұрақты тұру талап етілсе, басқалары бұған міндеттемейді. «Алтын виза» алу процесі көбіне бірнеше кезеңнен тұрады: өтініш беру, қаржылық тексеруден өту, инвестиция жасау және мемлекет тарапынан мақұлдануы.
Қауіпсіздік және заңды мәселелер
Ерекше визалар бағдарламасы кейбір елдерде қаражаттың заңдастырылуы, жемқорлық және қылмыстық топтардың қатысуы сияқты мәселелерге жол ашты. Еуропалық Одақ бірнеше жыл бойы бұл бағдарламаларға сын айтып келеді, себебі олар арқылы күмәнді капиталдың заңдастырылуы және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер артты. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ЕО ресейлік және беларусьтік инвесторларға мұндай құжат беруді шектеді. Сонымен қатар көптеген елдер бағдарламаның шарттарын күшейтіп немесе оны мүлде тоқтатты. Мысалы, Ұлыбритания, Ирландия, Нидерланды және Испания өздерінің инвестициялық визалар бағдарламаларын жауып тастады.
Сарапшылар болжамы
Сарапшылар алтын визаларға деген сұраныс алдағы жылдары арта түседі деп болжайды. Әсіресе, саяси тұрақсыздық жағдайында бай инвесторлар «қауіпсіз тұрақ» іздейді. Дегенмен, көптеген елдер «алтын визаларға» қатаң шектеулер енгізіп немесе оларды толығымен шектеуге тырысып жатыр. Бұл үрдістің негізгі себебі – тұрғын үй бағасының шарықтауы, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі және заңсыз капитал ағынына байланысты алаңдаушылық. Еуропалық Одақтың қысымымен Кариб бассейніндегі елдер де өз бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, минималды инвестиция көлемін 200 000 долларға дейін көтерді және өтініш берушілерді тексеруді күшейтті.
Сонымен қатар, кейбір елдер ерекше визаның орнына жаңа бағдарламалар енгізіп жатыр. Мысалы, көптеген мемлекеттер «цифрлық көшпенділерге арналған визалар», «стартап-визалар» немесе «жоғары білікті мамандарға арналған визалар» сияқты баламалы нұсқаларды ұсына бастады. Бұл тенденция мемлекеттер үшін экономикалық пайдасын сақтай отырып, қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтудың бір жолы болып саналады.
Қазақстан және Орталық Азиядағы жағдай
Қазіргі уақытта Қазақстанда «алтын виза» бағдарламасы жоқ. Бірақ шетелдік инвесторларды тарту мақсатында түрлі жеңілдіктер ұсынып келеді. Инвесторларға арналған арнайы көші-қон бағдарламалары арқылы белгілі бір көлемде қаржы құйған шетелдіктер елде тұруға рұқсат ала алады. Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жылжымайтын мүлікке иелік ету немесе ел экономикасына инвестиция салу маңызды рөл атқарады.
Мысалы, 2024 жылғы 18 қарашадан бастап Қазақстанда цифрлық көшпенділер үшін визаның жаңа түрі – Neo Nomad Visa енгізілді. Виза қашықтан жұмыс істейтін және еңбек қызметін саяхатпен біріктіретін шетелдік азаматтарға арналған. Соңғы уақытта мұндай визалар әлемде танымал болып келеді. Nomadlist.com деректері бойынша қазір бүкіл әлемде осында визаға ие 35 миллионға жуық цифрлық көшпенді бар.
Орталық Азиядағы басқа елдерде де «алтын визаға» ұқсас тетіктер қарастырылғанымен, олардың танымалдығы Еуропа немесе Кариб елдеріндегі бағдарламалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Осылайша, кейбір мемлекеттер бұл бағдарламаны реформалап, ашық әрі әділетті етуге тырысса, оны толығымен алып тастағандар да бар. Ал Трамптың «Алтын визасы» қаншалықты сұранысқа ие болары белгісіз. Өйткені әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Егер 5 миллион долларым болса өзге елден бақыт іздеп қайтемін?» деп сұраушылар көп.