Нығматулиндер әулетінің өрлеуі мен құлдырауы

Назарбаев дәуірінде дүрілдеген Нығматулиндер әулетінің дәурені өте бастады. Қаңтар оқиғасынан кейін мүлде шетке ысырылды.
«Ескі Қазақстанның» көрнекті өкілдерінің бірі ретінде аталып, барлық лауазымынан айырылды. Ендігі кезек активтеріне жетіп отыр. Сонымен қатар Нығматулиндер әулетінің кейбір мүшелері соңғы кезде қылмыстық қуғындауға ұшырай бастады.
Нұрлан Нығматулин
Нұрлан Нығматулин ұзақ жыл Мәжілістің спикері болды. Ол Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі, үзеңгілесі еді. Нұрлан Нығматулин 2022 жылғы 1 ақпанда Мәжіліс спикері қызметінен кетті. Бұған Қаңтар оқиғасының әсері тигені анық.
Нұрлан Нығматулин 2016 жылдан бері парламенттің төменгі палатасында билік етті. Әр жылдары Президент әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі болды. Мәжілістің де, Сенаттың да депутаты болған.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағасы лауазымынан «өз еркімен» кетті. Артынша Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде партияның Саяси кеңесі құрамынан шығарылды.
Арғын Нығматулин
Күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арғын Нығматулинге іздеу жариялады. Қылмыскерлерге іздеу салатын сайтта есімі қылаң берді.
Арғын Нығматулин мансабын тау-кен саласында кенші ретінде бастады. Араға біраз жыл салып, Шығыс ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды филиалында ғылыми қызметкер болды.
Сегіз жылдан соң тасы өрге домалай бастады. Кен ісіне қайта оралып, түрлі кен орындарында басшылық қызмет істейді. Облыстық «Жылжымайтын мүлік орталығы» директоры болып тағайындалады. Соңында облыстық мәслихат депутаты болды.
2006 жылы «Сарыарқа» хоккей клубын құрып, оны 12 жыл басқарады.
«Шахтер» футбол клубының тізгінін де Арғын Нығматулин алған.
2024 жылдың қараша айында Нығматулинге клубтың сенімгерлік басқаруға уақытша берілгенін алға тартылып, мемлекет меншігіне кері қайтарылды.
Ерлан Нығматулин
Ерлан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің егізінің сыңары. Нығматулиндер әулетінің белді мүшесі. Ол экономика ғылымдарының кандидаты, Қарағанды кооператив институтын, қазіргі Гуманитарлық университетін бітірген. Еңбек жолын Жезқазған облыстық сауда басқармасының ревизоры ретінде бастап, Мәжіліс депутаттығына дейін өседі. Тіпті, оның Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы да болады.
2011 жылы қыркүйекте Сенаттың Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі болады.
Ерлан Нығматулинге «YDD Corporation» ферроқорытпа зауыты тиесілі. 2024 жылдың 20 шілдесіндегі апат кезінде 4 адамның қаза болып, оған жұмыс беруші кінәлі деп танылды.
Дубайдағы мүліктері
Кейбір журналистік зерттеулерге қарағанда, Нұрлан Нығматулиннің әйелінің атында Дубайда 50-ге жуық элиталық жылжымайтын мүлік бар екені анықталып отыр.
Арғын Нығматулиннің әйелі Найла Белбаеваның да Дубайда құны 170 млн теңге болатын жылжымайтын мүлігі бар екені белгілі болды.
Нығматулиндер әулетінің басынан бақ тая бастаған соң, рейдерлік жолмен бөтеннің мүлкін тартып алды деп айыптаушылардың қатары көбейді. Оның ішінде Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановтың да аты аталды.
Айта кететін жайт, «Қазфосфат» – Нығматулиндер әулетіне тиесілі. Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұрхан Нұрланов компанияның жетекшісі.
Десе де, бұл әулетке қатысты бірқатар активтер мемлекетке қайтарылды. Айталық, бұған дейін Нығматулиндер әулетінен «Сарыарқа» хоккей клубы және заңсыз берілген 37 жер телімі алынды.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қаңтар оқиғасынан кейін Нығматулиндер әулетінің үстінен неге қылмыстық іс қозғалмай отырғаны туралы пікір білдірген еді. Оның айтуынша, іс қозғауға құқықтық негіз жоқ. Бір жағынан алғанда, ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның арасында белгілі бір келісім бар болуы ықтимал.