Сербия парламентінде депутатар граната лақтырып, бір адам инсульт алды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Сербия парламентіндегі жанжал
Сербия парламентіндегі жанжал/REUTERS/Djordje Kojadinovic

Сербияның оппозициялық депутаттары сейсенбі күні парламент ғимаратының ішінде түтін гранаталары мен көзден жас ағызатын газ лақтырды. Бұл әрекет тікелей эфирде көрсетіліп, наразылық белгісі ретінде жасалды, деп хабарлады Reuters.

Мән-жайы

Белгілі болғандай, наразылық шарасы төрт ай бұрын теміржол вокзалының төбесі опырылып, 15 адамның қаза табуына байланысты басталған.

Заң шығару сессиясында Сербияның Прогрессивті партиясы (SNS) басқаратын билеуші коалиция премьер-министр Милош Вучевичтің отставкасын бекітуі керек болған. Алайда билеуші коалиция күн тәртібіне енгізген басқа мәселелер оппозицияның ашуын туғызған. Кейбір оппозициялық саясаткерлер орындарынан жүгіріп шығып, парламент спикеріне қарай бет алып, күзетшілермен қақтығысқан.

Басқалары түтін гранаталары мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Тікелей эфирде парламент ішінде қара және қызғылт түтін жайылғаны көрсетілген.

Зардап шеккендер бар

Парламент спикері Ана Брнабичтің айтуынша, екі депутат жарақат алған. Олардың бірі – SNS партиясының мүшесі Жасмина Обрадович инсульт алып, ауыр жағдайда жатқаны айтылды.

«Парламент өз жұмысын жалғастырады және Сербияны қорғайды», – деді ол сессияда.

Сейсенбіде парламент университеттерге бөлінетін қаржыны көбейтетін заңды қабылдауға тиіс еді. Бұл – желтоқсаннан бері факультеттерді жауып тастаған студенттердің негізгі талаптарының бірі болған.

Бұған дейін, Косово республикасы электр станциясын сумен қамтамасыз ететін су құбырының жарылысына Сербия тарапын айыптаған. Косово тәуелсіздігі жартылай мойындалған, Сербия конституциясы бойынша елдің бір бөлігі саналатын мемлекет.

Сондай-ақ оқыңыз