Трамп таңдаған токендер: криптовалюта қожайындарының Ақ үйге қандай қатысы бар

АҚШ президенті Дональд Трамптың стратегиялық криптовалюта резервін құру жөніндегі мәлімдемесінен кейін криптовалюта саласы жанданып шыға келді. Ай бойы есе жіберген Bitcoin бірден 10%-ға, ал Ethereum шамамен 15%-ға көтерілді.
Құны олардан әлдеқайда төмен XRP, Solana және Cardano монеталары еселеп өсті. Мәселен, Cardano блокчейніне жататын Ada бірден 70%-ға өсті. Осылардың бәрі Трамп атаған бестікте бар.
Бұлардың артында кімдер тұр? Оның Ақ үймен қандай байланысы бар?
Бұл қандай токендер?
Financial Times мәліметінше, өз атымен токен шығарған Solana Labs пен Ripple Labs Құрама Штаттарда орналасқан, ал Cardano монетасын алға ілгерілетіп жүрген Чарльз Хоскинсон Колорадо штатында тұратын америкалық.
Ripple Labs 2012 жылы XRP монетасын шығарды. XRP – криптонарығында Bitcoin мен Ethereum-нен кейінгі үшінші ірі монета. Жалпы құны – 151 млрд доллар. Ripple біраздан бері өзі шығаратын токендерінің құқықтық мәртебесін айқында мақсатында күресіп жүр.
Solana блокчейні биыл қаңтарда Дональд пен Мелания Трамптар шығарған мемкоиндар да саудаланатын ірі платформа. Solana токенінің жалпы құны – 80 млрд доллар, криптовалюта әлемінде сегізінші орында.
XIX ғасырдағы ағылшын ғалымы Ада Лавлейс құрметіне аталған Ada-ның жалпы құны 33 млрд доллар. Ол Cardano ұсынған токен. Әлемде тоғызыншы орындағы криптовалюта. Оны 2015 жылы Хоскинсон шығарған. Кезінде Хоскинсон Ethereum блокчейні қожайындарының бірі болған, бірақ басқаларымен келісе алмаған соң кеткен.

Криптовалюта иелерінің Трампқа қандай қатысы бар бар?
Трамптың жақын кеңесшілері мен маңызды қызмет алудан үміттеніп отырғандардың көбісінің криптоөндірісіне қатысы бар деп жазды Financial Times.
Жасанды интеллект пен криптовалюта патшасы Дэвид Сакс қаңтардағы инаугурация салтанатына дейін өзінің криптовалюта активтерінің бәрін сатып жібергенін мәлімдеді.
Cardano мен XRP
Дегенмен XRP, Solana және Cardano криптоларын жасаушылар мен ұстаушылар Трамп командасымен байланыс орнатып үлгерген.
Мәселен, Ripple инаугурация қорына ақша аударған, ал компанияның бас директоры Брэд Гарлингхаус президентің ант қабылдау кешіне қатысу үшін Вашингтонға аттанған.
Бұған дейінгі сайлау науқаны кезінде де Ripple криптомен дос үміткердің саяси науқанына ақша жұмсаған.
Solana мүддесі
Solana қожайындары Анатолий Яковенко мен Радж Гокалдың саяси белсенділігі оған қарағанда төменірек болды. Криптоның ірі қаржы демеушілерінің бірі – a16z. Компания қожайындары Марк Андрессен мен Бен Хоровиц те былтыр жазда Трмаптың сайлау науқанына 2,5 млн доллар құйған. Ал a16z-тің бұрынғы басшысы Брайан Куинтенцті Трамп Фьючерстер саудасы жөніндегі комиссия басшысы қызметіне ұсынып отыр.
Маңызды саммит
Апта соңында Ақ үй криптовалюта жөнінде алғашқы саммитін өткізіп, осы саланың болашағын талқылайды. Оны Сакс өткізеді. Саммитке сала басшылары, инвесторлар және президенттің цифрлы активтері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысады.
Трамптың крипто туралы соңғы мәлімдемесі салаға жан бітіру мақсатында жасалып отыр.
«Ақпан биткоин үшін 2022 жылғы жаздан бері ең ауыр ай болды. Криптовалютаны қолдайтын жаңа әкімшілікке үшін жайсыз жағдай. Трамп мәлімдемесінен кейін криптосала үшін 2021 жылғы қаңтардан бері ең сәтті күндер туды. Саммиттің осы уақытқа белгіленуі жұмада бізді нақты өзгеріс күтіп тұрғанын аңғартады», – дейді Standard Chartered сарапшысы Джефф Кендрик FT басылымына.
АҚШ президенті Дональд Трамптың криптовалюта жөніндегі алғашқы саммиті 7 наурызда Ақ үйде өтеді.