«Болашақ сәулетшілері» бірлестігінің негізін қалаған Марат Әбиев 9 жылға сотталды

«Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаған Марат Әбиев қылмыстық топ құрып, экономикалық контрабандамен айналысқаны үшін 9 жылға сотталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылы 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды», – делінген баспасөз хбарламасында.
Қандай айып тағылды?
Марат Әбиев Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жауапқа тартылған. Олар мынадай:
- Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1-тармағы – ұйымдасқан топты құру және басқару, сондай-ақ оған қатысу;
- ҚК-нің 197-бабы 4-тармағының 1-тармақшасы – мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу;
- ҚК-ның 234-бабының 3-тармағының 2-тармақшасы – экономикалық контрабанда.
Сот үкімі
Әбиевке сот 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындаған. Сонымен бірге мемлекеттік қызметте өмір бойына қызмет атқаруға тыйым салынып, қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылық лауазымдарда қызмет атқаруға 5 жыл мерзімге айналысу құқынан айырған.
Ал Әбиевпен бірге әрекет еткен сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық топ құрамында Марат Әбиевтің Антон Новицкий, Жәнібек Дәрібаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметов сынды сыбайластары бар.
Бұл қылмыстық топ заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде 6 млрд теңге көлемінде табыс тапқан. Бұл қаражатты ҚМА тәркілеген.
Қылмыстық схема
Қылмыстық топ 2018-2022 жылдар аралығында Ақтөбе облысындағы мұнай өңдеу зауытында ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген.
«Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылды, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды», – деп хабарлайды агенттік.
«Болашақ сәулетшілері»
Ал қылмыстық қаражатқа «Genesis» немесе «Болашақ сәулетшілері» атты заңсыз қоғамдық бірлестік құрып, соны қаржыландырған.