Серік Жұманғарин жеке кәсіпкерлердің 85%-ы жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтінін айтады

Қазақстанда жеке кәсіпкерлердің 85%-ы жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істеп, жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Елде 2,4 млн кәсіпкер тіркелген, олардың 1,8 миллионы – жеке кәсіпкерлер, ал 530–550 мыңы – заңды тұлғалар.
Министрдің айтуынша, 1,8 млн жеке кәсіпкердің 1,7 миллионы жеңілдетілген декларация режимінде жұмыс істейді. Олардың 85%-ы салық есебінде жылына 15 млн теңгеден аспайтын табыс көрсетеді. Бұл – ресми дерек. Демек шағын кәсіпкерлердің басым бөлігі осы шекте қалып тұр.
«Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар. Олардың орташа айлық табысы шамамен 1,2 млн теңгені құрайды. Егер олардың жылдық табысы 15 млн теңге шегінен асса, екі жол бар: бірі – ҚҚС төлеуші болу, бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді және бизнесті кеңейтуді жеңілдетеді. Екіншісі – арнайы салық режиміне көшу. Мысалы, бөлшек салық үшін жылдық кіріс шегі 2,4 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл режимде салық мөлшерлемесі 4% құрайды, ал кейбір өңірлерде төмендетілуі мүмкін – Алматыда 2%-ға, Астанада 3%-ға дейін», – деді Жұманғарин.
ҚҚС туралы заң қабылданса, 2026 жылы күшіне енеді
Серік Жұманғариннің айтуынша, егер жаңа заң қабылданса, онда қосылған құн салығы (ҚҚС) 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өседі. Дегенмен өзгерістің нақты әсері 2026 жылдың наурызында ғана сезіледі, себебі салық төлеу мерзімі сол уақытта келеді.
«Біз бизнес үшін әлдеқайда қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Қазіргі таңда тұжырымдамалық деңгейде талқыланып жатқан өзгерістер кәсіпкерлердің дамуына кедергі емес, керісінше, жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан бұл өзгерістерге асығыс қорытынды жасамау керек», – деп атап өтті министр.
Оның пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі кәсіпкерлерге қосымша ауыртпалық түсірмеуі керек. Себебі ҚҚС төлеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады, соның ішінде субсидиялар мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі артады.
Кәсіпкерлер үшін таңдау бар
Министрдің сөзінше, әрбір кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады. Егер бизнесменнің жылдық табысы 15 млн теңгеден асса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркеледі. Бұл жағдайда салық жүктемесі артады, бірақ сонымен бірге кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау құралдары ұсынылады.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қолдау шаралары ретінде Қазақстанда екі кепілдік қоры құрылатынын айтты. Оның бірі шағын және орта бизнеске (ШОБ) арналған несиелерге кепілдік берсе, екіншісі – ірі бизнеске бағытталған. Сонымен қатар, бұл қорлар несие мөлшерлемелерін субсидиялаумен айналысады. Үкіметтің жоспары бойынша, биылдың өзінде ШОБ-ты қолдауға арналған кепілдік қоры 1,7 трлн теңге сомасына 30 мың жобаны қаржыландыруды көздеп отыр.