Шығыста тағы төрт аудан жаңа жұмыс кестесіне көшті

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Шығыста тағы төрт аудан жаңа жұмыс кестесіне көшті
Шығыста тағы төрт аудан жаңа жұмыс кестесіне көшті/Фото: kaz.inform.kz

ШҚО-дағы Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандары жаңа жұмыс кестесіне ауысты, деп хабарлады жергілікті Buqara.kz сайты.

Енді аталған аудан тұрғындары 08:00-17:30 аралығында жұмыс істейді. Түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін.

«Бұл жаңашылдық өңірдің табиғи ерекшеліктерімен – таң ерте атып, күннің ерте бататынымен байланысты. Жаңа кесте халыққа күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді» деп хабарлаған өңір әкімдігі.

Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді. Себебі олар бұған дейін де осы кесте бойынша жұмыс істеп келген.

Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын атап өтті.

«Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыс өткіздік. Тұрғындар бастаманы қолдады. Себебі Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан. Сондықтан бізде күн ерте шығады. Жаңа жұмыс кестесі халыққа әлдеқайда қолайлы. Жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады, – дейді ол. 

Бұған дейін облыстың үш ауданында осындай жұмыс кестесі енгізілген. Қаңтар айында Катонқарағай ауданы жаңа кестеге көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да осындай өзгеріс жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз