Qazaq Banki-нің бұрынғы акционері, марқұм Бақыт Ибрагимнің тағы бір үйі сатылымға шығарылды

Qazaq Banki-нің бұрынғы акционері марқұм Бақыт Ибрагимге тиесілі болған тағы бір зәулім үй сатылымға шығарылды. Жалпы аумағы 553,6 шаршы метрді құрайтын бұл үй Бостандық ауданындағы Қарғалы ықшамауданында орналасқан. Аукцион 2025 жылдың 26 наурызында өтеді, ал бастапқы бағасы – 1,3 млрд теңге.

Алматы әкімдігі Orda.kz сайтына Бақыт Ибрагимнің Бостандық ауданындағы зәулім үйін мемлекет қарамағына алып, саудаға шығарғанын растаған. Үйдің үлкен бақшасы, бассейні бар. Жерінің жалпы аумағы 0,14 гектарды құрайды.

Бақыт Ибрагим ісі: қылмысты істер мен жұмбақ өлім
Бақыт Ибрагим – бұрынғы Qazaq Banki-нің негізгі акционерлерінің бірі болған. Ол 2018 жылы Германияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. 2020 жылы қаржы жымқыру ісі бойынша 144 млрд теңгені заңсыз иемденді деген айыппен 7 жылға сотталған. Алайда СИЗО-да отырған уақыты есепке алынып, 2023 жылы мерзімінен бұрын босап шықты.
Бірақ 2024 жылдың наурызында Ибрагим Алматыдағы жалдамалы пәтерінде қайтыс болды.
Ибрагимнің мүлкі аукционға түсті
Бұған дейін де Алматыда марқұм банкирге тиесілі басқа да жылжымайтын мүліктер саудаға шығарылған. 2024 жылы Медеу ауданындағы екі қабатты коттедж 380 млн теңгеге сатылымға қойылды, алайда прокуратура араласқаннан кейін, бұл процесс тоқтатылған болатын.
Сондай-ақ 2024 жылдың шілде айында Шымкент қаласындағы заңсыз алынған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған.