Динара Құлыбаева ҚБТУ-ды кері қайтару үшін сотқа жүгінеді

Екі күн бұрын «Қазақстан-Британ техникалық университеті» (ҚБТУ) мемлекет меншігіне өткені мәлім болған. Алайда ертесіне Динара Құлыбаева иелік ететін NNEF қоры ірі оқу орнын кері қайтару үшін сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
Бұл туралы NNEF жергілікті Orda.kz басылымына берген жауабында жазды. Онда қор 27 ақпаннан бастап университеттің жүз пайыз акциясын «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (ҚАБК) иеленгенін растады. Акционер сот шешімімен ауысқан. Сол себепті NNEF білім мекемесін кері қайтару үшін сот үкіміне шағым түсіруді көздеп отыр.
«Қор ҚБТУ акцияларының 100%-ын 2018 жылы Қазақстан заңнамасына сай өткізілген ашық байқауда жеңіп алды. Тәуелсіз Baker Tilly Kazakhstan Advisory консалтинг компаниясы бизнестің жалпы бағасы туралы қорытындысын ұсынды. Байқау нәтижесінде «NNEF» қоғамдық қоры мен «ҚазМұнайГаз ҰҚ» АҚ арасында 12 млрд 110 млн 187 мың теңгеге сауда келісімі жасалды», – деп хабарлады NNEF.
NNEF – «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына» Динара Құлыбаева, Галина Самарская және Асқар Нұрпейісов иелік етеді.
Қор ҚБТУ-ды білім мекемесі дағдарысқа ұшыраған уақытта сатып алғанын мәлімдеді. Сол кезде университет шығыны 2,7 млрд теңгеге жетіп, 1,9 мыңнан аз студент оқып жүрген. ЖОО-ның сол кезде 16 білім бағдарламасы ғана болғанын, олардың бірқатары жабылғалы тұрғанын, аз уақыттың ішінде университетті жаңа деңгейге көтергенін жазды NNEF. Қазір мұнда 7,6 мың студент оқиды.
Енді «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» университет акцияларын сот арқылы қайтарып алуға талпынады.
«NNEF ҚБТУ акцияларын иелену құқығын қайта қалпына келтіру үшін заң аясындағы шаралардың бәрін қолданып жатыр», – деп хабарлады қор.
Бұған дейін университет құрамындағы екі ірі институт мемлекет меншігіне өткен.
Динара Құлыбаева – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы. Forbes Kazakhstan Динараның да, оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың да дәулетін 5,2 млрд доллар деп бағалаған.