«Қазақмыс» депутаттың сирек кездесетін бағалы металдар туралы мәлімдемесін жоққа шығарды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Азат Перуашев «Қазақмысты» бағалы металдарды заңсыз сыртқа шығарды деп айыптаған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кеше ғана депутат Азат Перуашев сирек кездесетін металдар Қазақстаннан заңсыз шығарылып жатыр деп мәлімдеді. Ал бүгін «Қазақмыс Корпорациясы» саясаткер мәлімдемесін жоққа шығарды.

Перуашев «Қазақмыстың» бұрынғы қызметкері Бақыт Әділовтің айтқандарына сүйеніп, құрамындағы бағалы металдарды жасыру үшін корпорация кен мен мыс концентратын химиялық сараптамасыз шетелге шығарып жатыр деген.

Компания сирек кездесетін бағалы металдар өндірісімен тікелей айналыспайтынын, бірақ оның өте аз мөлшері күкірт қышқылы қалдықтары мен бағалы металдар өндірісі кезінде алынатынын мәлімдеді.

«Күкірт қышқылды қалдықтарды өңдеумен «Жезқазғанредмет» мемлекеттік кәсіпорыны шұғылданады. Заң талабына сай сирек металдарды айыруымен айналысады. Бағалы металдар қалдықтарын өңдеумен қайта құрылған «Қазақмыс Прогресс» кәсіпорыны шұғылданады. Кәсіпорын шикізатты ел ішінде тереңірек өңдеумен айналысады», – деп жазылған компания мәлімдемесінде.

Бұған қоса корпорация мыс концентраты шикізатын экспорттау қажет болған жағдайда, химиялық сараптаманы халықаралық деңгейдегі тәуелсіз зертханалар жүргізеді деп отыр. «Қазақмыс» мәліметінше, шикізат экспорты мемлекеттің қатаң бақылауына алынған.

«Сирек кездесетін бағалы металдарды жасырды, сонымен бірге шикізат бағасын әдейі төмендетіп көрсетті деген мәлімдемелерге негіз жоқ, өтірік. Бұған қоса, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС мемлекеттік органдардың бәрімен, заң билігімен де ашық түрде әріптес болуға дайын. Корпорация заңнамаға сәйкес тексерулердің бәрінен өтуге әзір», – деп мәлімдеді «Қазақмыс».

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек «Қазақмыстың» жекенің қолына қалай өткенін тексеру керек деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз