Есік қаласының аумағы екі есеге үлкейтіледі

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғаяды. Мәселені аудан әкімі мен мәслихаты мақұлдады.
Қала аумағын кеңейту Бөлек және Рахат ауылдық округтері жерлерінің бір бөлігін қосып алу есебінен жүзеге аспақ.
«Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының жалпы аумағы (шегі) 2529,64 гектарға тең. Бөлек және Рахат ауылдық округтерінің кейбір жерлерін қосып, жалпы көлемі 4228,54 гектар шекарасында өзгертілсін», – делінген қаулыда.
Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің қаулысы мен мәслихат шешімінің орындалуын қадағалау аудан әкімінің орынбасары Рустам Бакиевке жүктелген.
Тау бөктерінде орын тепкен Есік қаласы бай тарихымен, тамылжыған табиғатымен танымал. Қаланың жоғары жағында Есік көлі, шығысында Түрген шатқалы мен Асы жайлауы орналасқан. Қазіргі уақытта қар көшкіні қаупіне байланысты аталған туристік орындарға барар жол жабық.