Чилиден келген компания 85 млн долларға Талдықорғанда зауыт салады

Жарияланды
Чили мен қазақстандық тарап келісімге қол қойды / Фото: өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі

Чилидің ME Elecmetal компаниясы Талдықорғанда ұнтақтау шарларын өндіретін, құны 85 млн доллар болатын зауыт салады. Ұнтақтау шары кен өндіруде маңызды рөл ойнайды. Оны Kaz Minerals кәсіпорны белсенді пайдаланады деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Зауыт 2028 жылы пайдалануға берілуі керек, жылына 150 мың тонна ұнтақтау шарын шығару жоспарланған. Кәсіпорында 100 мың қызметкер жұмыс істейтін болады.

KAZ Minerals Тобы жыл сайын 70 мың тоннаға дейін ұсақтау шарларын пайдаланады. Бұл шамамен 100 млн долларға тең. Бірақ бұл өнімнің барлығын KAZ Minerals чилилік ME Elecmetal-дан сатып алатын еді. Енді ұнтақтау шарын өндіру Қазақстанда жүзеге асырылады.

Осы мақсатта Астанада KAZ Minerals тобы мен ME Elecmetal компаниясы арасында оффтейк-келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт 15 жылға созылады. Осы уақыт ішінде чилиліктер Қытайдағы болат өнеркәсібінің көшбасшысы Longteng Special Steel-мен бірігіп, зауыт салады.

Ұнтақтау шарын тікелей пайдаланушы KAZ Minerals – Владимир Ким (63,5%) мен Олег Новачукқа (36,5%) тиесілі мыс өндіруші компания. Кәсіпорын Ақтоғай, Орловский, Бозшакөл, Бозымшақ және Шығыс Қазақстандағы екі кен орнында жұмыс істейді.

Былтыр компания рекордты көрсеткіш орнатып, 96,5 млн тонна кен өңдеген.

Сондай-ақ оқыңыз