Тергеу органдары Шерзаттың үйін өртегендерді әлі таппаған

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев марқұм Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын хабарлады.
Шындалиевтің сөзінше, сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр.
«Сотқа дейінгі тергеу қандай нәтиже шығаратынын айта алмаймын. Әзірге іс бойынша күдікті тұлға жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ ол бұған дейін де айтылғандай жасөспірімнің өлімі бойынша істі тергеу аяқталғанын, қазіргі уақытта тараптар іс материалдарымен танысып жатқанын жеткізді.
Сот қашан басталатыны әзірге белгісіз.
Бұған дейін жәбірленушы тараптың адвокаттары сот наурыз айында басталып қалуы мүмкін екенін мәлімдеген.
16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Алматының маңындағы Талғар қаласында төбелес кезінде қаза тапқан. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Азалы әулеттің қайғысы мұнымен бітпей, 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы, қанды төбелестік куәсі Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылды. Ресми органдар ол өзіне қол салғанын мәлім етті.