17 мыңнан астам әскери қызметшіге «кредиттік демалыс» берілді

Қорғаныс министрлігі несиесі бар әскери қызметшілерге «кредиттік демалыс» берді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Сәкен Жүсіпов айтты.
Ведомствоның мәліметінше, қазірдің өзінде 17 мыңнан аса әскери қызметшіге 6,6 млрд теңге сомасында «кредиттік демалыс» берілген.
«Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл, ең алдымен, білім беру секторындағы жеңілдіктер мен несиелік демалыстарға қатысты. Жоғары оқу орындарына түскісі келетін мерзімді қызмет сарбаздары үшін «Сарбаз» цифрлық платформасы жұмыс істейді, ол сарбаздардың рейтингін автоматты түрде анықтайды және оларға жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік береді», – деді Сәкен Жүсіпов.
Сонымен қатар қызметте ерекше көзге түскен 1029 мерзімді азамат грантпен оқуға мүмкіндік алған. Генерал-майордың айтуынша, қызмет өткеріп жүрген сарбаз еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын игере алады.
Еске салайық, осыған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов «әскердегі өлім-жітім қашан тоқтайды» дегенге қатысты пікір білдірген болатын. Шенеунік әскер қоғамның бір бөлігі болғандықтан, қоғамдағы жағдайлар әскерде де тіркелетінін жасырмады. Сарбаздардың амандығына кепілдік бере алмайтынын, десе де өлімді азайтуға тырысатынын айтқан еді.
Сондай-ақ өткен жылы қазақстандықтар жастарды әскерге міндеттеп әкетуге қарсы петиция жариялаған болатын.