ШҚО мен Нарынқол жақта Қытаймен шекарада жаңа бақылау-өткізу пункті ашылуы мүмкін

ШҚО-ның Қытаймен шекараласатын елдімекенінде жаңа бақылау өткізу пункті ашылады. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов айтқан.
Жаңа өткізу бекеті
Бұл маңда жаңа бақылау-өткізу пунктін ашуды президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Көлік министрлігі Марқакөл ауылынан Қытай Халық Республикасының шекарасына дейінгі автомобиль жолын және жаңа бақылау-өткізу пунктін салу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізе бастаған.
«Қазіргі уақытта Көлік министрлігі Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге 4 шақырым автомобиль жолын және бақылау-өткізу пунктін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр», – делінген жауапта.
Техникалық экономикалық негіздеме мен жобалау сметалық құжаттама 2025 жылдың үшінші тоқсанында дайын болады.
Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне 2025 жылдың 1-тоқсанының соңына дейінгі мерзімде бақылау-өткізу пункті салынатын шекаралық нүктені айқындау және шекарадағы бақылаушы органдармен келісу тапсырылған.
Нарынқолда жаңа өткізу пункті ашыла ма?
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында да жаңа өткізу бекетін ашуды тапсырған. Туризмді дамыту үшін Нарынқол ауылында ҚХР шекарасында жаяу жүргіншілер өткізу пунктін ашу мәселесі қарастырылған. Оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу қажет болған. Келісімді жүзеге асыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі Қытай тарапының уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізген.
Бірақ Қытай тарапы жаңа өткізу пунктін ашу мәселесін қарауға әлі ерте екенін алға тартып, бұл ұсыныстан бас тартқан. Көрші ел үкіметі тауар айналымы көлемін ұлғайту үшін қазіргі күні жұмыс істеп тұрған бекеттерді жаңғыртып, инфрақұрылымын жүргізіп, жұмысын реттеуді ұсынған. Тек осы жұмыстар аяқталған соң Нарынқолда жаңа бақылау-өткізу бекеті ашылу мәселесі қарастырылуы мүмкін.
«Қытай тарапының позициясын ескере отырып, бұл мәселе Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасындағы («Алакөл», «Қалжат», «Бақты», «Майқапшағай») автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жарақтандыру бойынша Қаржы министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстар аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды», – делінген жауапта.