Еуропа әскері Украинаға кіретін болса, ҰҚШҰ көмекке келеді – Тасмағамбетов

Жарияланды
Тасмағамбетов ҰҚШҰ көмегі туралы меңзеді/фото: KursivMedia мұрағаты
Тасмағамбетов ҰҚШҰ көмегі туралы меңзеді/фото: KursivMedia мұрағаты

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Еуропа әскерінің Украинаға кіруіне қатысты пікір білдірді.

Известия басылымына берген сұхбатында, ол ҰҚШҰ елдерінің Ресейге көмек беруге міндетті екенін тұспалдаған.

«Бұл бірінші рет емес»

«Мұндай қауіп-қатер туындаған жағдайда, ҰҚШҰ ұйым жарғылық құжаттарында қарастырылған және мүше мемлекеттердің барлығы мақұлдаған көмектің түрлі нұсқаларын ұсынуға дайын болады», – деді ҰҚШҰ бас хатшысы.

Оның пікірінше, Еуропа астаналарында Украинаға әскери контингенттерді жіберу мүмкіндігі алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Алайда осы уақытқа дейін ресми түрде іске аспаған.

«Қоғамы келіспейді»

«Бұл бүкіл аймақ ауқымында қауіпті жағдай туындатуы мүмкін. Сонымен қатар, экономика мен әлеуметтік саладағы өсіп келе жатқан теріс құбылыстардан шаршаған Еуропа елдерінің халқы өз үкіметтерінің мұндай шешімін қолдай қоюы екіталай», – деп есептейді Тасмағамбетов.

ҰҚШҰ хатшысының пайымдауынша, Украинаға әскер жіберу, бұл – қоғамның мойнына қосымша ауыртпалық салады. Тіпті, бұл контингенттер шабуылдау операцияларына қатыспай, полиция немесе бақылау функцияларын орындаса да, оңайға түспейді.

Мұның алдында Иманғали Тасмағамбетов Батыстың ATACMS зымырандарымен атқылауына байланысты Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан жәрдем сұрамағанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз