Кәсіпкерді 100 млн теңгеге алдап кеткен күдікті Германиядан экстрадицияланды

Бас прокуратура алаяқтық жолмен кәсіпкердің 100 млн теңгесін иемденіп, Германияға қашып кеткен күдіктіні Қазақстанға жеткізді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бас прокуратураның қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасаған күдіктіні қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады», – делінген жауапта.
Экстрадицияланған азамат 2023 жылдың қаңтар айында өзінің екі сыбайласымен сөз байласып, жалған компания құрған. Содан кейін қазақстандық жұмсақ бидайдың ірі партиясын жеткізіп беретінін айтып, кәсіпкердің 100 млн теңгеден астам қаражатын алады. Қомақты қаражатты алған соң бірден ізін суытады.
Қылмыстық қудалау органдары бұл іске қатысы бар бір адамды бірден ұстаған. Ал екі адамға халықаралық іздеу жарияланған.
2024 жылдың қазанында іздеуде жүргендердің бірі Германияның Нюрнберг қаласында ұсталып, елге экстрадицияланған.
«Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ал мұның алдында үлескерлердің 3,7 млрд теңге қаражатын жымқырып, шетелге қашып кеткен азамат Ресейден экстрадицияланған болатын. Күдікті 2005-2007 пәтер үлескерлерінің қаражатын жалған түбіртек беру арқылы иемденген. Прокурорлар оны 17 жылдан кейін Ресейдің Краснодар өлкесінен тапқан.