Дижитал айдентика: онлайн-образымызды қалай қалыптастырамыз

Жарияланды
Дижитал айдентика деген не?/ Фото: shutterstock

Интернетке алғаш рет тіркелген кезде сіз ол онлайн әлемге бейтаныс біреу боласыз. Әсіресе, аккаунтыңызда өзіңіз жайлы ақпарат салмасаңыз, логиніңізде шын аты-жөніңіз тұрмаса, контент жарияламасаңыз кім екеніңіз белгісіз болады. Былайша айтқанда онлайнда сіздің дижитал ізіңіз жоқ. Әлдекім солай жасырын жүргенде жақсы көргеннен аккаунтын солай жүргізуі мүмкін. Бірақ таразының келесі басында онлайн-образын сәтті құрғысы келетіндер тұрады. Себебі сол онлайн-бейне сізге мол мүмкіндікке жол ашып, мансап жолыңызда шыңға шығара алады. Kursiv Media тілшісі аутентик, тартымды әрі беделді образ қалыптастыруға қатысты пайдалы кеңестер дайындады.

Дижитал айдентика деген не?

Дижитал айдентика деп интернетте сіз туралы жазылған ақпаратты айтамыз. Яғни ол сіздің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды, жазбаларыңыз, пікірлеріңіз, аватарыңыз, басқалармен сөйлесу мәнеріңізді қамтиды. Яғни сіздің виртуал төлқұжатыңыз десек болады. Сол арқылы басқалар сіз жайлы ой түйеді. Егер сіз шығармашыл, кәсіби маман, әлде инфлюенсер не аноним қолданушы боламын деп өз образыңызды өзіңіз жасайсыз. Бастысы онлайнда жасаған бейнеңіз шынайы өмірден тым алыс болып кетпей, басқаларға зиян тигізбеуі керек. Сол себепті шешім қабылдағанда саналы түрде жасаңыз.

Қазір жұмысқа аларда, серіктес жасарда алдымен әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды тексеретіндер көбейген. Яғни жұмыс берушілер алдына келген кандидаттың желіде не салатынын тыңғылықты қарайды, клиенттер эксперт таңдағанда контентін шолып шығады, ал фоллоуерлер блогердің жазбасы мен жазатын пікірлеріне қарай ой қалыптастырады. Демек, дижитал айдентикаңыз қалай құрылғанына қарай сізге тиісті баға беріледі деген сөз.

Алғашқы қадамды анализ бен стратегиядан бастаңыз

Өз онлайн-образыңызды қалыптастырмас бұрын өзіңізге мына сауалдарды қойып, шын жауап беріп көріңіз:

  • Интернетте мені қалай қабылдағанын қалаймын?
  • Маған қандай платформалар сәйкес келеді? (Instagram, LinkedIn, TikTok, Telegram)?
  • Мен қандай контент жасағым келеді?
  • Аудиториямен қалай араласқым келеді?

Жауап алған соң, стратегия құруға кірісеміз. Өйткені сол арқылы образыңызға қатысты нақты көрініс пайда болады. Шашырап, басыңызды тауға да, тасқа да соғып жүрмейсіз. Біріншіден, интернеттен аты-жөніңізді теріп, сіз жайлы қандай ақпарат барын қарап шығыңыз. Одан соң бұрынғы жазған посттарыңызды шолыңыз. Сырт көзге бұл жазбаларыңыз қалай қабылданады? Бәлкім, қазір ойыңыз өзгерген болар. Олай болса, ескі посттарды өшіріп тастаңыз. Приват қылып қою керек болса, баптауларын реттеңіз. Орынсыз дүниелер салған болсаңыз, оны да алып тастаған абзал.

Визуалға мән беріңіз

Дижитал айдентикаға фотосурет сапасы, қаріп, қалай сәндегеніңіз — бәрі әсер етеді. Тіпті аватарға қойған суреттің өзі сіз туралы көп ақпараттан хабар береді. Өз стиліңізді таңдаңыз, соған сай болуға тырысыңыз. Іскер болып көрінгіңіз келе ме, онда палитра да соған сай болсын. Әлде креатив, ерекше образда жүргіңіз келе ме?

  • Аватар: Сапалы, бет-бейнеңіз анық көрінетін, әдемі сурет қойыңыз. Онлайнда күмән көп болғандықтан, шын суретіңіз тұрса аудитория сізге сене бастайды.
  • Брендке қатысты Егер жеке брендіңіз болса, онда ерекше визуал стиль қалыптастырыңыз.
  • Контент: Бір стильден айнымауға тырысыңыз. Салатын сурет, жазатын пост сол стильдің айналасында болғаны жөн. Сонда сырт сөзге тартымды көрінеді.

Контентке көңіл бөліңіз

Контент — дижитал айдентика қалыптастыратын басты құрал. Кәсіби біліміңізді бөлісіңіз, тәжірибеңіз туралы айтып беріңіз, көпшілікке пайдалы болатын материалдар дайындаңыз, өзекті тақырыптарды талқылаңыз. Бірақ бұл жерде шынайылық өте маңызды. Аудиторияның сеніміне кіру үшін жасандылықтан ада контент жасаған жөн. Солай екен деп түгел ақтарылып кете берген де жақсы емес.

Контенттің неше түрін жасауға болады. Мысалы:

  • Пайдалы посттар (кеңес, кейстер);
  • Басыңыздан өткен оқиғалар, жеке тәжірибеңіз жайлы жазбалар (шабытты қайдан аласыз, өзіңізде болған факаптар, инсайттар);
  • Видео мен подкастар (аудиовизуал контент ұнаса, осы формат қазір өтімді);
  • Оқырманмен байланыс (сауалнама не талқы жасаңыз, сұрақтарына жауап беріңіз);
  • Коллаборация жасап, сарапшы ретінде пікір білдіріп, жетістіктеріңізді айта аласыз.

Беделіңізді түсіріп алмаңыз және қауіпсіздік шараларын сақтаңыз

Интернетке бір салынған нәрсенің мәңгіге із қалдыратынын ұмытпаңыз. Сіз өшіргеніңізбен, қойнауда қалып қояды. Сондықтан аккаунттың приват баптауларын реттеп, беделіңізге нұқсан келтіретін контент жасамаңыз. Бірнеше жыл бұрын жазған әлдебір пікіріңіз алдыңыздан шығып, мансабыңызға не жеке өміріңізге зиян тигізуі мүмкін.

  • Барлық аккаунтыңызда қосфакторлы аутентификация қосып қойыңыз;
  • Жеке деректеріңізді алуға шектеу жасаңыз;
  • Керек емес контенттерді тазартып тұрыңыз, дижитал беделіңізді сақтаңыз;
  • Дееструктив пікірталасқа түспеуге тырысыңыз. Ол имиджіңізге кері әсер беруі мүмкін.

Дижитал айдентикаңыздың динамикасын бақылаңыз

Онлайн-образ бір қалыпта тұра бермейді. Ол өзіңізбен бірге өзгеріп, дамып отырады. Яғни уақыт өте келе сөйлесу мәнерін, контент бағытын, платформаны ауыстырғыңыз келуі мүмкін. Бұл — қалыпты нәрсе.

  • Аккаунттарыңызға тұрақты түрде анализ жасап отырыңыз. Стратегияны өзгерту керек болса, тыңғылықты бейімдеңіз.
  • Әлеуметтік желіде пайда болып жатқан трендтер мен платформалардан хабардар болып отырыңыз.
  • Жеке брендіңізді, ықпалыңызды арттыру үшін жұмыс істей беріңіз.

Мына қателіктерді жібермеңіз

Көпшілігі дижитал айдентика қалыптастырған кезде жиі жіберетін қателіктер болады. Мысалы:

  • Өзіне не керегін білмейді, позициясы анық болмайды: егер сіз әр нәрсені бір салатын болсаңыз, онда аудитория сіздің кім екеніңізді, сізге не үшін жазылу керегін ұқпай дал болады.
  • Қауіпсіздік мәселесіне мән бермейді: құпиясөздері өте қарапайым болады, қорғаныс жасамайды. Соның кесірінен аккаунтын әлдекімдердің бұзып алуы оңай.
  • Жеке өмірін тым көп салады: жаһанға жария қылуға болатын контентті ғана  жариялаңыз.
  • Басқа біреудің контентін көшіреді: образыңыз басқаларға ұқсамағаны абзал. Басқалардың идеяларын «ұрлаған» жақсы емес.
  • Беделіне нұқсан келтіріп жатқанын сезбейді: ойланбай жасаған бір қадам болашақта сізге орасан кесірін тигізуі мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін жеке деректеріңізді әлдекімнің қолды қылмау үшін дижитал гигиена қалай сақтау керегі туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз