ASAR Baspana қаржы пирамидасы халықтан 12,4 млрд теңге тартқан

«Asar Baspana» қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты. Ұйым осы уақытқа дейін тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Тергеу материалдарынан белгілі болғандай, пирамиданы ұйымдастырушы Туғанбаев және сыбайластары 86 мыңнан астам азаматқа ай сайын салған ақша 30% артығымен қайтады деген уәде берген. Осылай 12,4 млрд теңге заңсыз қаржы жинап алған.
Күдіктілер қатысушыларға Алматыда құрылыс материалын жасау, тігін цехы мен тұрмыстық техника шығаратын зауыт бар деп сендірген. Ал, шын мәнінде, ешқандай бизнес болмаған. Тек бірінші ақшасын берген адамдарға оның артынан кірген қатысушылардың салымдарын бонус тәрізді төлеп отырады.
Агенттіктің мәліметінше, Туғанбаев пен оның серіктестері 12 млрд теңгенің 3,8 млрд-ын заңсыз иеленген.
Салымшыларға пәтер беріледі деген уәде де жалған болып шықты. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.
«Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.
Бұған дейін агенттік қызметкерлері компания кеңсесінде және күдіктілердің үйінде тінту жүргізген. Олардан 1,2 млрд теңгеден астам қолма-қол ақша және премиум санаттағы 13 көлік тәркілеген.