Қазақстанның 8 облысы су тасқыны қауіпі жоғары аймақта тұр

Елімізде 8 облыс тасқын қауіпі жоғары аймақта тұр. Наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылырақ болады және елде жауын-шашын көп болады. Мұның соңы су тасқынына ұласуы мүмкін. Мұндай болжамды Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.
Министр Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқыны аса жоғары болып отырғанын айтады. Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында қауіптілік орташа. Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда өңірлерінің халқына алаңдауға негіз жоқ деп сендірді.
«Наурыз айында температураның көтерілуі мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасуда, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтіледі. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді»,– деп баяндады министр Үкімет жиынында.
Нысанбаевтың айтуынша, биыл «Қазгидромет» алғаш рет әр облыс бойынша анықтамалар дайындаған.
«Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді белгілей отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі»,– деп түсіндірді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дауылды ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайтынын мәлім етті.
Көктемде 1,3 миллион адам суда қалуы мүмкін. Еліміздегі 400-ге жуық гидроқұрылыс осыншама адамға қауіп төндіруі ықтимал.
Осыған дейін «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев көктемде 1,3 миллион адам суда қалуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Елдегі 400-ге жуық гидроқұрылыс осыншама адамға қауіп төндіруі ықтимал екенін айтқан. Бұл бөгеттер бұзылса, су тасқыны 530 елдімекенді басуы мүмкін.
Айта кетейік, қазірдің өзінде қар суы тез еріп, кейбір елдімекенді су басты. Нақтырақ айтсақ, 8 наурыз күні, Қызылорда облысына қарасты Жосалы кентінің бірнеше көшесін қарғын су басты.