45 адам қайтыс болған Қызылағаш оқиғасына 15 жыл

2010 жылы 12 наурызға қараған түні қазіргі Жетісу облысының (ол кезде Алматы облысы) Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасының бөгеті бұзылды. Салдарынан Қызылағаш ауылының Талдықорған мен Алакөл арасындағы аумағы зардап шекті. Ресми ақпарат бойынша, қайғылы оқиғадан 45 адам қаза тапты.
«Қызылағаш оқиғасына» биыл 15 жыл. KursivMedia тілшісі қайғылы оқиғаға шолу жасап, сол кезде мерзімді басылымдарда жарияланған ақпаратты жинақтады.
Қайғылы жағдай болған тұста елді Нұрсұлтан Назарбаев, Үкіметті Кәрім Мәсімов, Алматы облысын Серік Үмбетов басқарып тұрған.
«Алматы ақшамының» 16 наурыздағы санында «оқиға орнына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те келіп кетті» деп жазылған. Сондай-ақ төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың төрағалығымен төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі комиссия құрылған. Сол кезде отбасы құрамына байланысты және су шайып кеткен үйдің қанша бөлме екеніне қарай 2-4 бөлмелі үйлер салынатыны туралы айтылған.
«Жаңа үйлер сол зақымданған орнында, яғни бұған дейін тұрған Қызылағаш ауылында салынады», – деп айтқан Божко.
«Адам қолымен жасалған апат»
«Жас Алаш» газеті 2010 жылдың 16 наурызында «Адам қолымен жасалған апат» деген мақала жариялаған. Ол жерде «Түнгі аласапыраннан аман қалған қызылағаштықтардың бір шоғыры Талдықорғанның маңындағы Бақтыбай ауылына жайғасқан екен. «Қызылағаш су бөгенінің ауыл тұрғындары үшін қауіпті екенін баяғыдан білетінбіз. Бұл мәселені ауыл басшыларына талай мәрте айттық та. Көктем басталғанда оның суы тасуы мүмкін екенін әрбір ауыл тұрғыны жақсы түсінетін. Бірақ басшылар мұны тыңдағысы келген жоқ. Себебі қара судан басшылар қыруар пайда тапты. Жаз шыға жиналған суды егістік егетіндерге сататын. Қызылағаштағы қанды оқиға табиғи апат болса, шарасыз бұған мойынсұнар едік. Бірақ бұл табиғи апат емес, адам қолымен жасалған нағыз диверсия», – деген ауылға тұрақтаған жұртшылық.

Редакция бұл мақаласында Қызылағаш су бөгеніне 40 млн текше метр су сыятынын, су бөгені ауыл әкімінің туған інісі Мұхит Жүнісовтің иелігінде болғанын жазған.
Бұл жағдайдан кейін Қызылағаш ауылының әкімі Есет Жүнісов, інісі – «Қызылағаш» кооперативінің директоры Мұхит Жүнісов, «Қызылағаш» кооперативінің басқарма төрағасы Қуаныш Бекеев, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Евгений Енин, Ақсу аудандық ТЖ басшысы Күнібек Байзақов қамалған.
Қайғылы жағдай болғаннан кейінгі күні, яғни 13 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде «Зардаптарды жою – ортақ міндет» деген тақырыпта ақпарат жарияланған. Ол жерде 11 наурыз сағат 22:20-да нөсер жаңбыр салдарынан Қызылағаш су арнасының плотинасын тасқын су бұзғаны, салдарынан Қызылағаш ауылы топан судың астында қалғаны жазылған. Сондай-ақ баспанасын су шайып кеткендердің арасында «көптеген оралман (қазір «қандас») бар» деп айтылған.

15 жыл бұрын жарияланған деректерге қарасақ, бұл елдімекендегі 465 үйде 2 240 адам тұрған. Ал үйсіз қалған тұрғындарға салынатын үш бөлмелі жеке үйдің пайдаға жарамды алаңы 80 шаршы метрді құрап, оған 7-9 млн теңге жұмсалатыны айтылған. Бастапқыда тасқын салдарынан келген шығын шамамен 7 млрд теңгеден асады деп болжанған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа сәйкес, апат салдарын жоюға 8 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған.
Сотталғандар рақымшылыққа ілінді
Ал тасқыннан кейін қамалғандардың тағдырына келсек, бастапқыда сотқа жеті адам тартылған. 2011 жылдың ақпанында Талдықорған гарнизоны әскери сотының судьясы Дамир Ахтямов айыпталушыларға үкім шығарды. Ағайынды Есет және Мұхит Жүнісов, Қуаныш Бекеев бес жылға сотталды.
ТЖ департаментінің аудандық бөлімшесінің бастығы Күнібек Байзақов екі жылға шартты түрде сотталған. Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Берік Тынышбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Евгений Енин және облыстың су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ақдарбек Сабыров қылмыс құрамы болмағандықтан кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылған.
Алайда сол жылдың қазанында сот процесі жалғасып, ағайынды Жүнісовтер рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан.