Қазақ мұнайын Батысқа айдайтын тағы бір мұнай құбыры істен шықты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан «Дружба» арқылы Батыс елдеріне мұнай сатып отыр/ фото: REUTERS/Fabian Bimmer/File Photo

Қазақстан мұнайын Батыс елдеріне, соның ішінде Германияға жеткізіп отырған «Дружба» мұнай құбырының Венгрия бағыты жұмысын уақытша тоқтатты.

Бұл туралы Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто Ресей вице-премьері Александр Новакпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мәлімдеді. Министрдің мәлімдемесін жергілікті Híradó басылымы таратты.

Сийяртоның айтуынша, «Дружба» құбырының өлшеу станциясына дрондар шабуылдағаннан кейін, Ресей Венгрияға мұнай айдауды уақытша тоқтатқан.

Дрондар шабуылдаған жер жөнделіп жатыр. Сийярто шикізат айдау кешке қарай қайта жалғасуы мүмкін екенін айтты.

«Бұл соғысқа Венгрия жауапты емес»

Министрдің пікірінше, Венгрия үшін қуат көзі оның егемендік мәселесімен пара-пар, сол себепті басқа да елдер оны құрметтеуі тиіс. Ол елдің энергетика инфрақұрылымына шабуыл жасамауға үндеді.

«Біз украиндықтардан Венгрияға апаратын энергетика инфрақұрылымдарына шабуыл жасамауды сұраймыз. Венгрия бұл соғыс үшін жауапты емес», – дейді венгр министрі.

«Дружба» құбырының нақты қай тұсына шабуыл жасалғаны әзірге белгісіз. Бұған қоса, осы құбырдан отын алып отырған Еуропаның басқа да елдеріне мұнай тасымалданып жатқан-жатпағаны да беймәлім.

11 наурызға қараған түні 340-тан аса дрон Ресей өңірлеріне шабуылдағаны хабарланған. Ондаған дрон Мәскеу түбінде атып түсірілген. Ресей астанасында дрондар шабуылынан үш адам қаза болып, тағы бірнеше адам жараланғаны хабарланды.

Қазақстан мүддесі және мұнай

«Дружба» құбыры КСРО кезінде салынған. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған. Құбыр Украина аумағы арқылы да өтеді.

Қазақстан да «Дружба» құбырының тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанына мүдделі. Себебі қазақ мұнайы Еуропаның кей еліне осы құбыр арқылы тасымалданады.

Reuters мәліметінше, Германия 2024 жылы «Дружба» құбыры арқылы Қазақстаннан 1,5 млн тонна мұнай сатып алған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республика Германия нарығына мұнай экспорттауды арттыруға дайын екенін айтқан. Ал энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ГФР бір жылда 2,5 млн тонна мұнай сұрап отырғанын мәлімдеген.

Бұған дейін Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жеті бірден дрон шабуылдаған. Соның салдарынан Ресей аумағындағы бір мұнай айдау станциясы екі ай істен шығып қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз