Қарағандыда «Костенко» шахтасында қаза тапқан кеншілердің соты басталмай жатып кейінге қалды

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан кеншілердің ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Сотталушылар қатарында 10 адам бар, 74 адам жәбірленуші деп танылған деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.

Қылмыстық істі судья Бахтияр Ақанов қарайды. Сотталушыларға қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған. Сотталушылар өздерін фотоға түсіруге рұқсат бермеді.

Сот отырысы 13 наурыз сағат 09:00-ге шегерілді. Бұған сотталушылардың бірінің адвокатының сот отырысына келмегені себеп болды.
«Бұл жерде соттың кінәсі жоқ. Қорғаушы бүгін сот өтетінін біле тұра сот отырысына келмеді. Дәл қазір соттың кейінге шегеруге мәжбүрміз. Іс жүргізу заңы кәсіби қорғаушысыз сот процесін өткізуге тыйым салады. Сол себепті сот процесіне қатысушылардан сот отырысына белгіленген уақытта келуді сұраймыз. Бүгін көптеген адам жұмысынан сұранып келіп отыр, бірақ бір адам келмеген. Сол үшін кейінге шегеруге тура келеді», – деді судья Ақанов.

Жәбірленушілердің бірі сот отырысына қатысу үшін жұмысынан сұранғанын айтты. Енді бірі мұны сот пен жәбірленушілерге құрмет көрсетпеу деп бағалады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды.