«Ендігі кезек Ресейде»: Украина атысты тоқтатуға келісті

АҚШ пен Украина Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен келіссөздер барысында 30 күнге уақытша атысты тоқтату туралы келісімге келді. Алайда Киев бұл шартты Ресей де орындаған кезде ғана келісетінін мәлімдеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме жасап, Украина АҚШ-тың 30 күндік уақытша атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдауға дайын екенін, бірақ бұл талап Ресей тарапынан да бір мезгілде орындалуы тиіс екенін мәлімдеді.
АҚШ Ресей басшылығына бұл талаптың екі жақты орындалуы бейбітшілікке жетудің негізгі факторы екенін жеткізуге уәде берді. Сонымен қатар Вашингтон Украинаға қауіпсіздік саласындағы көмекті қайта жандандырып, барлау мәліметтерімен алмасуды жалғастыратынын айтты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерден кейін:
«Енді таңдау Ресейдің қолында. Егер олар бітімге келуден бас тартса, бұл бейбітшілікке кедергі келтіретін басты фактордың кім екенін көрсетеді», – деді Рубио.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың ендігі басты міндеті – Ресейді осы келісімді қабылдауға көндіру екенін атап өтті.
Келіссөз нәтижелері жақын арада Мәскеуге жеткізіледі. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей өкілдерімен кездесу сейсенбі немесе сәрсенбі күні өтетінін хабарлады. Ол сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путинмен де сөйлесуге ниетті екенін, бірақ келісімге келу үшін екі жақтың да қадам жасауы керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, АҚШ пен Украина Украинаның стратегиялық маңызды минералдық ресурстарын игеру бойынша жан-жақты келісім жасасуға уағдаласты.