2024 жылы 31 мыңнан астам кәсіпорын банкрот болған

Жарияланды
2024 жылы 31 мыңнан астам кәсіпорын банкрот болған/Фото: shutterstock / Trock.kc

Соңғы жылдары Қазақстандағы бизнес-ландшафт айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, кәсіпорындардың ашылуы мен банкротқа ұшырауы арасында елеулі динамика байқалуда. Бұл өзгерістерге макроэкономикалық факторлар, мемлекеттік саясат, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық және ішкі экономикалық жағдайлар әсер етуде.

Компаниялардың ашылуы

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жаңа компания тіркеледі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, соңғы бес жылда тіркелген жаңа кәсіпорындардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Әсіресе, сауда, қызмет көрсету және құрылыс салалары жаңа компаниялар үшін негізгі бағыт болып отыр.

Қазақстанда ШОБ-тың өсу серпіні / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

2025 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша Қазақстанда тіркелген шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің жалпы саны 2,26 млн бірлікке жетіп, бір жыл ішінде 4,5%-ға артты. Оның ішінде 2,07 млн субъект немесе 91,6%-ы нақты жұмыс істеп тұр.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың басым бөлігін шағын бизнес (99,8%) құрайды. Ал орта бизнес субъектілері 3 135 бірлікті құрайды. Бұл ШОБ-тың Қазақстан экономикасындағы тұрақтылық пен икемділікті сақтап отырғанын көрсетеді. ШОБ құрылымындағы оң өзгерістер бизнес-климаттың жақсаруы мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетеді.

Елімізде компаниялардың банкроттығы артып келеді / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Компаниялардың банкроттығы

Сонымен қатар соңғы жылдары банкротқа ұшыраған компаниялар саны да артып келеді. 2024 жылы Қазақстанда 31 578 компания банкрот деп танылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың басым бөлігі сауда (35%), құрылыс (18%) және өнеркәсіп (14%) секторларында болды.

Бұл құбылыс бірнеше негізгі факторлармен байланысты:

Қаржылық тұрақсыздық – инфляция деңгейінің жоғары болуы мен несие мөлшерлемелерінің көтерілуі компаниялардың шығындарын ұлғайтып, қаржылық қысымды күшейтті. 2024 жылы инфляция деңгейі 9,5% болды, ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде ұстап отыр. Жақында бас банк пайыздық мөлшерлемені 16,50 дәлізінде бекітті. Бұл алдағы айларды бизнеске берілетін несиенің қымбаттауына алып келіп, тиімсіз етеді.

Салық жүктемесі – ШОБ субъектілері үшін салықтық жүктеменің артуы компаниялардың төлем қабілеттілігіне теріс әсер етті. Жаңа салық кодексі және ШОБ арналған ҚҚС салығының шектік мөлшерлемесі де болашаққа әсер етері сөзсіз.

Сыртқы факторлар – Ресейге қарсы санкциялар мен логистикалық тізбектердің бұзылуы экспортқа бағытталған компаниялардың жағдайын қиындатты.

Ірі қалаларда банкроттық жиі тіркеледі / Инфографика: kursivmedia, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Банкроттық қай өңірде көп?

Қазақстанда банкроттық ірі қалаларда жиі тіркеледі. Себебі бұл аймақтарда бизнес белсенділігі жоғары, бәсеке күштірек және операциялық шығындар жоғары. Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларда кәсіпорындардың тығыз орналасуы және нарықтағы жоғары бәсеке банкроттықтың негізгі себептерінің бірі болып табылады. Ірі қалаларда коммерциялық жалға алу бағасы мен еңбек шығындары да жоғары, бұл қаржылық тұрақсыздық қаупін арттырады. Сонымен қатар, ірі қалаларда салықтық және реттеуші талаптар да бизнеске қосымша қысым жасайды.

ШОБ субъектілерінің қайта ашылуы, жабылуы немесе уақытша тоқтатылуы – бұл бизнестің табиғи цикліне тән қалыпты құбылыс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шағын және орта бизнес икемділігі мен тәуекелге бейімділігіне байланысты тұрақты түрде құрылымдық өзгерістерге ұшырап отырады.

Қорытынды

Қазақстандағы компаниялардың ашылуы мен дамуы қарқынды өсім көрсеткенімен, сыртқы және ішкі макроэкономикалық факторлар көптеген кәсіпорындар үшін күрделі орта қалыптастырып отыр. Мемлекеттік қолдау, салықтық ынталандыру және инфрақұрылымдық дамуға бағытталған бағдарламалар бизнес тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда, инфляция, жоғары несие мөлшерлемелері және кадр тапшылығы сияқты мәселелер компаниялардың банкротқа ұшырау қаупін арттырып отыр.

Осылайша, Қазақстандағы бизнес құрылымы тұрақты трансформация кезеңінде тұр: жаңа компаниялар ашылып, кейбір салаларда қарқынды даму байқалғанымен, қаржылық тұрақсыздық пен сыртқы тәуекелдер бизнеске айтарлықтай қысым көрсетуде.

Сондай-ақ оқыңыз