Жезқазғандық ағайындылар Шерзаттың оқиғасымен ұқсас істе әділдік іздейді

«Жезқазғаннан әділдік таппадық» деген ағайынды Саят Ислам мен Қайсар Әбділғалел Алматыда журналистер алдына шығып, кісі қолынан қаза тапқан бауырының ісіне қоғам назарын аударғысы келетінін мәлім етті. Олар бауырын қаланы ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отырған қылмыстық топтың мүшелері өлтіргенін айтып, кінәлілер тиісті жазасын арқалағанын қалайды.
Мән-жайы
Сөздерінше, 2023 жылғы 17 қыркүйекте Жезқазған қаласында бауырлары Медет Исламды ұйымдасқан топ өкілдері пышақтап өлтіріп кеткен. Іс бойынша соттың екі отырысы өтіп, бір күдікті абайсызда адам өлтіру бабы (ҚК 106-бабы) бойынша 9 жылға сотталған. Екі адам бұзақылық бабымен 2 жылға бас бостандығынан айырылған, олар жақында шартты жазамен бостандыққа шығуы мүмкін. Тағы 3 адамның тергеу изоляторындағы бір күні бір жарым күнге теңестіріліп, жазасы қысқарған.
Оқиға қалай болған
Қайсар Әбділғалелдің айтуынша, Ержан Сапар есімді ағасының танысы марқұмды шәй ішуге кафеге шақырады. Сол жерге қылмыстық топтың өкілдері делінген адамдармен марқұм арасында әңгіме жүрген. Кейін төбелес шығып, Медет Исламды 5 жерден пышақтаған. Медет Ислам сол жерде тіл тартпай кеткен.
Ағайындылардың нұсқасы
Ағайынды жезқазғандықтар қылмыстық істе 12 фигурант бар деп санайтынын айтып, төбелестің көшедегі бақылау камерасы түсірген видесын көрсетті. Олар видео фрагменттеріне қарап, қылмыстық істің артында Қуаныш Уайдин деген ықпалды адам тұрған болуы мүмкін деп топшылайды. Ол туралы желіге жүктеген бейнеүндеуінде де айтқан. Тергеу органдары ағайындылардың бұл айтқандарын назарға алмаған.
Қуаныш Уайдин болса, оқиғаға қатысын жоққа шығарып, ағайындыларды жала жапты деп сотқа берген. Саят Исламның айтуынша, сот Уайдиннің талабын қанағаттандырмаған.
Марқұмның інісі Қайсар Әбділғалел ағасын қылмыскерлерге ертіп апарған адам сотта куәгер деп танылып, марқұмды пышақтаған адам тергеуге де алынбады деп отыр.
«Бауырымызды өлтірген Балтабай Азамат бұрын адам өлтіргені үшін сотталып шыққан. Ол қылмыстық топ басшысының оң қолы. Істе ол мүлде жоқ. Оны істен әдейі аластатып отыр. Өйткені Балтабай Азамат қайта істі болса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал бауырымды үйден алып шыққан Ержан Сапар кемі қылмыс туралы хабарламағаны үшін істі болуы керек еді. Ал одан сотта куәгер ретінде жауап алынып, ол ештеңе білмеймін деп отыр», – дейді марқұмның інісі.
Төбелес неден шыққан
Ағайындыларды тұйыққа тіреп отырған осы сұрақ. Олар жанжал неден шыққанын білмейтінін жеткізді. «Құзырлы органдар тергеу барысынан хабардар етпеді, куәлерді іздеуге тырыспады, іс материалдарымен таныстырмады, жалдаған жезқазғандық, қарағандылық адвокаттар өзімізге қарсы жұмыс істеді» деп отыр.
Айтуларынша, кейінгі адвокат сот отырыстарына келмей қалған. Оқиға болған кафедегі бейнебақылау камераларының кісі өлімі болған сағаттардағы жазбасы жоғалып кеткен. Ағайындылар оны полиция қызметкерлері өшірген болуы мүмкін деп болжайды.
Сот отырысында куәгерлердің жауабы өзгеріп отырған. Ағайындылар оларды не қорқытып қойған, не ақша берген деп санайды.
«Бізге не болғанын ашық айтса дейміз. Бауырымызды не үшін өлтіргенін білгіміз келеді», – дейді олар.
Марқұм кім еді
Бауырларының сөзінше, марқұм Медет Ислам мыс рудасын өңдейтін фабрикада қара жұмысшы болып істеген. Еркін күреспен айналысқан спортшы, ортасында сөзінің салмағы бар беделді адам болған.
«Бауырымыз кезінде көшеде жүргені, сөзінің салмағы болғаны рас. Бірақ бұзықтыққа барып, қылмыс жасамаған. Өзімен-өзі жүретін. Жұмысы ауыр болғандықтан, ауысымнан кейін уақытын көбіне үйде өткізетін. Сыртқа тек отбасымен шығатын. Кейде беделіне бола адамдар көмек сұрап келетін. Медет мәселені сөзбен шешіп, жанжалға бармайтын», – дейді марқұмның бауыры.
Жәбірленушілердің қалауы
Ағайындылар жергілікті адвокаттардың қызметінен бас тартқан соң, заңгер Инга Иманбайдың қызметіне жүгінген. Заңгер ендігі кезекте барлық заңдық тетікті пайдаланып, істі қайта тергеуге, айыптау бабын «абайсызда адам өлтіруден», «ұйымдасқан топпен қасақана адам өлтіру» бабына өзгертуге күш салатынын айтады.
«Қазіргі уақытта Бас прокуратура мен Жоғарғы сот арқылы істі қайта қарау мүмкіндігі бар. Ендігі кезекте соларға жүгінетін боламыз. Алайда іске қоғам назары аумай әділдіктің орнауы қиын болатын түрі бар. Қаза болған жігіттің туыстары мен кейбір куәгерлер Жезқазғандағы ұйымдасқан қылмыстық топтар полициямен тығыз байланыста екенін мәлімдеді. Олар бұл істің «Шерзат ісімен» ұқсас екенін айтып, қаланы бақылауда ұстап отырған бандиттердің жазасыздығына назар аударғысы келеді»,– дейді Инга Иманбай.
Kursiv.media бейтарап ақпарат алаңы екенін еске сала отырып, баспасөз жиынында аты аталған қарсы тараптағы тұлғалар мәселеге байланысты пікір білдіргісі келсе, олардың айтқандарын оқырманға ұсынуға дайын екенін хабарлайды.