QazaqGaz-дың еншілесі ұйымы Еуразиялық Даму банкінен 147 млрд теңге қарыз алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Интергаз Орталық Азия» 147 млрд теңге қарыз алады / Фото:gov.kz

«Интергаз Орталық Азия» (ICA) компаниясы Еуразиялық даму банкінен (ЕДБ) 26 млрд рубль немесе 147,16 млрд теңге (қазіргі курспен) қарыз алады. Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтында хабарлады.

Компанияның мәлімдемесіне сәйкес, несиені өтеу мерзімі 120 айды (10 жыл) құрайды, ал пайыздық мөлшерлеме – 9%.

Алайда алынған қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалатыны туралы ақпарат берілмеген. Осыған байланысты «Курсив» басылымы компанияның бас ұйымы – QazaqGaz-ға ресми сауал жолдады.

Бұған дейін, «Курсив» компанияның 2024 жылғы қаржы нәтижесі туралы мәліметтерді жариялаған еді. Оған сәйкес, «Интергаз Орталық Азияның» таза пайдасы 4,9 есеге артып, 47,2 млрд теңгеге жеткен.

«Интергаз Орталық Азия» – Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін басқаратын негізгі компания. Ол ұлттық газ операторы QazaqGaz-ға тиесілі. Өз кезегінде, QazaqGaz – газды барлау, өндіру, сату және тасымалдаумен айналысатын ұлттық компания. Оның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Сондай-ақ оқыңыз